Құқық қорғау органдары

Петропавлда “Қауіпсіз жол” акциясы аясында автошеру өтті

Үстіміздегі жылы жол-көлік апатынан облыс бойынша 12 адам қаза тауып, 28-і жарақат алған. Бұндай оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында бүгін шаһарда автошеру ұйымдастырылды. Оған “ҚазАвтоЖол” кәсіпорнының қызметкерлері мен тәртіп сақшылары ат салысты.

Дәл қазір жүргізушілер көліктерін оталдырып, Бескөл ауылына жол тартуға дайын. Мұнда келгендер көліктердің қос дөңгелектісін де, төрт дөңгелектісін де тізгіндепті. Автошеруді бастайтын – Артем Федоренко. Машина жүргізуде 20 жылдық тәжірибесі бар жерлесіміз, жастайынан байкпен жүруді армандапты.
Оның сәті тек 1 жыл бұрын ғана түскен. Қос дөңгелекті көлікті тізгіндегенде өзіңді қаншалықты еркін сезінсең де, қауіпсіздікті естен шығармау керек дейді Артем.

Артем Федоренко – “Северный ветер” мотоклубының мүшесі:

– “Северный ветер” мотоклубтың жарғысы – жолдағы қауіпсіздік ережелерін бұзбау! Бірақ, меніңше, көбінесе жастар жол ережелерін сақтамайды. Себебі, жастық шақта жүргізушілер жылдамдықпен жүруге әуес болады. Ал, біз болсақ, өскелең ұрпаққа көлікті баяу жүргізуге кеңес береміз.

Автошеруден кейін, шараны ұйымдастырушылар жолдағы теміртұлпарларды тоқтатып, автокөлік иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар көлік тізгіндеушілерге сақтық шараларын еске салып, жадынама қағаздарын таратты. Алғаш рет ұйымдастырылған шеруге “ҚазАвтоЖол” компаниясының 30-ға жуық қызметкері ат салысты.

Әмір Кәрімбаев – “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– Бүгінгі профилактикалық іс-шара жол қауіпсіздігін ұйымдастыру мақсатында өтуде. Акцияны “ҚазАвтоЖол” компаниясы, “солтүстік жол” зертханасы және жергілікті полиция қызметкерлері бірлесіп өткізіп жатырмыз. Бүгін біз жүргізушілер заңға сәйкес барлық талаптарды орындауға міндетті екенін ескерттік. Енді, аталмыш шараны жиі өткізуге тырысамыз.

Десе де, жыл сайын жолда тіркелетін апаттардың саны артпаса, азаяр емес.
“Ақырын жүріп, анық бас” деген қағиданы ұстанушылардың да қатары
сирек екен. Мәселен, үстіміздегі жылы жол-көлік апатынан облыс бойынша 12 адам қаза тауып, 28-і жарақат алыпты. Шеруге қатысушылар бұл акция осындай қайғылы оқиғаларды ескертіп, сақтық шараларын ұстануға септігін тигізді деген ойда.

 

 

Альмира Жетписбай