Қоғам

Мемлекеттік аудиторлар СҚО -да 6,2 млрд теңгенің бұзушылығын анықтады

Мемлекеттік сатып алудың орындалуы, қаражатың мақсатты игерілуі. Жыл басынан өңірдің аудиторлары тексерістер нәтижесінде 6,2 млрд теңгенің бұзушылығын анықтаған. Дені мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзуға қатысты.

Жыл басынан өңірдің мемлекеттік аудиторлары 93 тексеріс өткізіп, нәтижесінде 6,2 млрд теңгенің бұзушылығын анықтапты. Жартысынан көбі мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзуға қатысты.

Ердос Багенов – СҚО ішкі мемлекеттік аудит департамент бөлімінің басшысы:

– Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар құқықбұзушылыққа жиі барады.
Тұрғындарды тендерге қатыстырмайды. Конкурсқа жіберген күннің өзінде кәсіпкерлерден басы артық құжаттар сұратады. Заңда жоқ талаптар мен ережелерді ойлап табады. Аталған олқылықтарды біз аудиторлық шаралар барысында анықтадық.

Аудиторлар тексеріс барысында кәсіпорындардағы материалдық-техникалық базаға, мемлекеттік қызметтерге бөлінген қаражат толығымен игерілмей қалғанын анықтаған. Бюджеттен бөлінген ақша тиісті мақсаттарға жұмсалмапты. Осы олқылықтарды жасағандар бүгінде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ел қазынасына тиесілі 478 млн теңгені кері қайтарып берді.

Зәуреш Қапарова – СҚО ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары:

– 27 лауазымды тұлғаға жиынтық құны 2,8 млн теңгенің айыппұлы салынып, толығымен ел қазынасына өндіріліп алынды. Құқық бұзған 100-ге жуық адам ескерту алды. Мемлекеттік аудиторлар түрлі кәсіпорындарда алдын алу жұмыстарын жиі өткізіп тұрады. Сол жұмыстардың арқасында құқықбұзушылықтардың саны азайып келеді.

Өңір аудиторлары интернет арқылы да кәсіпорындардың жұмысына мониторинг жүргізіп тұрады. Мұны камералдық бақылау дейді.

Орал Қарсақов – СҚО ішкі мемлекеттік аудит департаменті мемлекеттік сатып алудың аудиті бөлімінің жетекші маманы:

– Жыл басынан бері камералдық бақылаумен 161 млдр теңгеге 15 037 мемлекеттік сатып алу рәсімдері қамтылды. Соның 28 млрд теңге сомасында 1364 бұзушылық анықталып, жолы кесілді. Жиі кездесетін бұзушылықтардың ішінде – өткізілетін сатып алуға қатысуға шектеу қою және қиындату, сондай-ақ формалды негіздер бойынша, нақты жеткізушілердің конкурсқа қатысуына негізсіз жіберілмеуі.

Сондай-ақ, ішкі мемлекеттік аудит департаменті тұрғындардың шағымы негізінде де тексерістер өткізіп тұрады. Жыл басынан қадағалаушы орган 400-ге жуық адамнан шағым қабылдап, соның нәтижесінде 358 млн теңгенің бұзушылығын анықтап, 10 маман тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Берік Қасен