Қоғам

Биыл еліміздің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 20 жыл

Үстіміздегі жылы еліміздің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 20 жыл толып отыр. Соған орай “Біріңғай зейнетақы жинақтаушы қоры” АҚ-ның Петропавлдағы филиалы тұрғындарға арнап ашық есік күнін өткізді. Отырыста мамандар салымшылармен зейнетақы жүйесіндегі соңғы жаңалықтарымен бөлісті.

Шараға жиналған салымшыларға зейнетақы жүйесінің дамуы мен соңғы уақытта орын алған өзгерістер туралы айтылды. Бүгінде шамамен 347 мың солтүстікқазақстандықтың жеке зейнетақы шоты бар. Оларда жиналған қаржының мөлшері үстіміздегі жылдың қыркүйегінде 226 млрд 412 млн теңгені құраған. Ашық есіктер күніне келушілерді негізінен зейнетақы мөлшерін бекіту тәртіптері қызықтырды.

Ғалия Мұқанова – “Біріңғай зейнетақы жинақтаушы қоры” АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

– 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнеткерлікке шыққандар өздерінің жарналарын жылына 1 рет немесе ай сайын өз қалауы бойынша алып келсе, енді олардың бәріне зейнетақы тек ай сайын берілетін болды. Құрметті демалысқа шыққандар ынтымақты зейнетақысына және мемлекеттен берілетін базалық зейнетақыға қол жеткізеді. Және зейнетақы шотында жиналған соммадан беріледі. Осыдан ортақ зейнетақы шығарылады.

Бүгінде қор салымшыларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында электронды форматқа көшуде. Мәселен, міндетті зейнетақы жарналарының мөлшері, клиенттің келісімшарты мен өзге де құжаттарды үйде не болмаса жұмыста отырып-ақ алуға мүмкіндік бар. Тек ол үшін жеке басын куәландыратын құжаттың электронды цифрлық қолтаңбасы болғаны абзал. Сондай-ақ, қор кеңсесінің кіре берісінде де арнайы терминал бар. Бұл қондырғылардың көмегімен жерлестеріміз өздеріне қажетті анықтаманы әп сәтте ала алады.

Гүлмира Жұмашева – “Біріңғай зейнетақы жинақтаушы қоры” АҚ СҚОФ жетекші маманы:

– Зейнетақы көлемін анықтайтын калькулятор 2 жыл бұрын орнатылды. Мұнда клиент өзінің зейнетақы мөлшерін біле алады. Жүйенің бір артықшылығы – кезек күтіп, көп уақыт жоғалтпайсың. Сізге керекті мәлімет лезде көрсетіледі. Консультанттар құрылғымен жұмыс істеуді үйретеді. Көп жағдайда электронды қызметтің бұл түріне егде жасағылардан гөрі, жастар жүгінеді.

Қор өз салымшыларына арналған ашық есік күнін ай сайын өткізіп отырады.
   

 

 

Бахыт Садвокасов