Құқық қорғау органдары

Жолда жүру ережесін бұзған көлік жүргізушілер жауапқа тартылды

Петропавлда 3 күннің ішінде көлікті мас күйде тізгіндеген 15 жүргізуші ұсталды. Сондай-ақ арнайы жүргізілген рейд барысында жүргізуші куәлігінсіз көлік мінген және қауіпсіздік белдігін тақпаған заңбұзушылар да табылып, жауапкершілікке тартылды.

Қалалық ішкі істер басқармасының жол-патрульдік полициясы батальонының қызметкерлері, мына “Volkswagen Golf” маркілі автокөлікті түнгі 12-лерде тоқтатқан. Құжат тексеру барысында, 57 жастағы темір тұлпар иесінің мас екендігі анықталады. Оны медициналық куәландыру нәтижесі де растаған. Сол түні Абай көшесінде шаһардағы такси қызметінде тіркелген автокөлік те полицейлердің назарына ілікті. Жүргізуші көлік басқару құжатының жоқтығына қарамастан, жолаушы тасымалымен айналысқан. Ал Жамбыл көшесі бойында тоқталтылған мына көлік иесі, өз куәлігінен 2 жыл бұрын айырылып қалыпты. Бірақ, оған да бұл факті кедергі болмаса керек.

Шәмшиден Ақышов – Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ бастығының орынбасары:

– Рейдттің алғашқы күнінде мас күйінде көлік жүргізген 5 жүргізуші анықталды. Оларға әкімшілік хаттама толтырылды. Қалған 2 күнде де заңбұзушылар аз болмады.

Осыған ұқсас оқиға Жұмысшы кентінде де тіркелді. “Mercedes” көлігін тізгіндеген қалалықтың темір тұлпар басқаруға рұқсат беретін құжаты болмай шығыпты. Жауапсіз жүргізушілердің барлығы “Лишенник” жедел-алдын алу шарасы барысында анықталып отыр.

Шәмшиден Ақышов – Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ бастығының орынбасары:

-Шараның мақсаты жол жүру ережесін бұзатын темір тұлпар иелерін ұстап, жауапкершілікке тарту болып табылады. Ал кей жүргізушілерге ескерту жасалды.

Жалпы 3 күн ішінде тәртіп сақшылары жолда жүру ережесін бұзудың 500 фактісін анықтапты. Айыппұл еншілеген жүргізушілердің басым бөлігі қауіпсіздік белдігін тақпаған. Тағы 19 тұлға жылдамдықты шамадан тыс асырғандығы үшін жауапқа тартылды. Ал 15 жерлесіміз көлікті мас күйінде басқарыпты.

 

 

 

Бахыт Садвокасов