ТЖ

Құтқарушылар тұрғындардың жылыту маусымына дайындығын тексеруде

“Айтып келмейтін апат”! Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жылда жылыту маусымы қарсаңында рейд ұйымдастырады. Бұған дейін Ойқала, Қапай аудандарындағы жеке үй аулаларын аралаған құтқарушылар, осы жолы Жұмысшы кентінің тұрғындарымен тілдесіп, алдын-алу жұмыстарын жүргізді.

Өрт сөндірушілердің Жұмысшы кентіндегі баспаналардың жылыту маусымына дайындығын тексеріп, үйлерді аралауы бекер емес. Себебі аталған аудандағы жеке тұрғын үй секторында қысқы уақытта оқыс оқиғалар жиі орын алатыны мәлім. Бұл жолы да мамандар әр баспананың иесімен тілдесіп, олардың жылыту науқанына қаншалықты әзір екендіктерін сұрап-білді. Чапаев көшесіндегі мына үйде, Людмила Головачева отағасымен 12 жылдан бері тұрып келеді. “Сақтансаң, сақтармын”, – демекші, зейнеткер пеш пен мұржаның қалыпты жұмыс істеуіне ерекше мән береді.

Людмила Головачева – Жұмысшы кентінің тұрғыны:

– Қажетті отын және көмір қорымен қамданып қойдық. Жылыту маусымына толықтай дайынбыз деуге болады. Өрт сөндірушілердің кеңестерін үнемі қаперден шығармаймыз.

Өткен жылыту маусымында, яғни 2017-ші жылдың соңы мен жыл басында шаһарда 379 өрт оқиғасы тіркелген. Солардың 267-сі дәл осы жеке тұрғын үйлердің еншісінде. Өкінішке орай, айтып келмейтін тілсіз жаудан 19 петропавлдық қаза тапқан. Құтқарушылар қалалықтарға жылыту маусымына жауапкершілікпен қарап, берілген нұсқаулықтарды қатаң ұстануға кеңес береді.

Тұрлыбек Ғабдуллин – Петропавл қалалық ТЖБ аға инженері:

– Жергілікті халыққа айтарым өздерінің пештерін, мұржаны, түтін жүретін жолдарды 3 айда 1 рет тазартып отыруы керек. Пештің алдында қаңылтырдан, жанбайтын материалдан істелінген темір қаңылтыр бет болуы қажет. Сосын пешті майлап, әктеп отыруы керек. Петшті жаққанда да көп қыздырып жібермеулері тиіс.

Өрт сөндірушілер жылыту маусымы кезінде түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізбек.

 

 

Бахыт Садвокасов