Аптадағы маңызды жаңалықтар

Емханаларға қашықтықтан тіркелуге болады

Өңірде қыркүйектің 15-інен емханаларға тіркелу науқаны бастау алды. Өзі қалаған мекемеге жазылғысы келетіндерге қараша айының ортасына дейін уақыт берілген. Айту керек, биылдан емдеу ұйымдарына тіркелу жөнінде Egov.kz электрондық үкімет порталы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы да өтініш тапсыруға болады.

1-ші қалалық емханаға тіркелушілердің саны жыл өткен сайын артып келеді. Осылайша, бүгінде пациенттердің саны 68 мыңға жетіпті. Оларға 30 учаскелік дәрігер қызмет етеді. Медициналық ұйым әкімшілігі, өздеріне тіркелген қалалықтардың барлығын ем-дом шараларымен қамтуға шамамыз жетеді дейді.

Динара Көпеева – №1 қалалық емхананың аға медициналық тіркеушісі:

– Біздің емханаға тіркелу үшін жеке басты куәландыратын құжатпен келіп, бас дәрігердің атына өтініш жазу керек. Сондай-ақ, 1 қалалық емханаға 1gorpol.kz сайты арқылы тіркелуге болады. Осы ретте айта кетейік, тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаға тіркелмегендер жедел жәрдем қызметін шақырта алмайды.

Емханаға тіркелудің бұдан басқа да бірнеше жолы бар. Емдеу ұйымдарына Egov.kz электрондық үкімет порталы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркелуге болады. Мұндай жеңілдік биылдан іске қосылыпты.

Қарлығаш Ілиясова – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ СҚОФ бөлімінің бас сарапшысы:

 – Науқанның мақсаты – қаралаып жүрген емханасына көңілі толмайтын азаматтарға емдеу мекемесін ауыстыруға мүмкіндік беру. Сондай-ақ, бұл шара рынокқа жаңадан қосылған медицина ұйымдарының келер жылы халыққа қызмет көрсетуге тапсырыс алуына жағдай жасау.

Маңызды науқан қарашаның 15-іне дейін жалғаспақ. Петропавлдықтар 4 емхананың біреуін таңдай алады. Бірақ, ауылды жерлерде тұратындарға мұндай мүмкіндік қарастырылмаған.

Берік Қасен