МТРА жаңалықтары

2019 жылдан мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы факторлық-балдық шкала бойынша төленеді

Қазақстандықтарға арнаған жолдауында Елбасы мемлекеттік қызметшілердің жалақысын факторлық-балдық шкалаға сүйеніп төлеуді ұсынған болатын. Осылайша, халық игілігіне қызмет ететін мамандардың айлықтарын шамамен 2-2,5 есеге өсіріп, түрлі лауазымдардағы еңбекақы айырмасын қысқарту көзделген. Қазір бұл жүйе ел бойынша 4 бірдей мемлекеттік органда пилоттық режимде қолданылып келеді. Ал келер жылдан оған барлық әкімдіктер, министрліктер мен басқармалар көшпек.

Мемлекеттік қызметшілердің еңбегін факторлық-балдық шкала бойынша бағалау – жалақы белгілеудің тың жүйесі болып табылады. Онда маманның айлығына оның лауазымы мен еңбек өтілі емес, керісінше кәсіби біліктілігі, атқаратын жұмысының күрделілігі және мойынына артылатын жауапкершілігі әсер етеді.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Еңбекті бағалаудың жаңа жүйесі Елбасының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының 5 және 6-шы қадамдарын тиімді жүзеге асыру мақсатында енгізіліп отыр. Ол мемлекеттік қызметшілердің жалақысын шамамен 2 есеге өсіруге мүмкіндік береді. Қазір ел бойынша 4 мемлекеттік орган қызметкерлері айлықтарын факторлық-балдық шкалаға сүйеніп алады.

Нақтырақ айтсақ, үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап жаңа жүйе Әділет министрлігінде, Астана қаласы мен Маңғыстау облысының әкімдіктерінде, сондай-ақ мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде пилоттық режимде қолданылып келеді. Бұл эксперименттің нәтижелерін жергілікті билік өкілдеріне аталған агенттік аппаратының басшысы Саян Ахметжанов баяндады.

Саян Ахметжанов – мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының басшысы:

– Мәселен, факторлық-балдық шкала енгізілгеннен кейін Маңғыстау облысы әкімдігіндегі орташа жалақы 86 процентке өсіп, 274 мың теңгені құраған. Елді мекендердегі мемлекеттік қызметшілердің айлықтары орташа есеппен 62 мыңнан 125 мың теңгеге дейін көтерілді. Атқарушы органдардағы қызметке деген халықтың қызығушылығы да арта түскен. Бұрындары шамамен бір лауазым үшін конкурсқа орташа есеппен екі адам түссе, қазір бұл көрсеткіш 6 адамға дейін жетті.

Бұдан бөлек, факторлық-балдық шкала – өңірлердегі мемлекеттік қызметшілер мен орталық мемлекеттік орган мамандары арасындағы жалақы айырмасын 70 пайыздан 10 пайызға дейін қысқартып, теңестіруге мүмкіндік береді. Жүйе бойынша әр мемлекеттік қызметші атқарған жұмысының сапасына байланысты балл жинауы тиіс.

Саян Ахметжанов – мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының басшысы:

– Мәселен, бұрын 2 мемлекеттік қызметші бір лауазымда тең жалақы алатын. Қазір кім тиімді, соның жалақысы жоғары болады. Жыл аяғында индикаторлары жеткілікті болса, қызметкер бонус алады. Ол 4 айлықтан жылдық жалақыға дейінгі соманы құрауы мүмкін.

Қазан айынан бастап Алматы мен Шымкент қалаларындағы атқарушы органдар да айлықтарын факторлық-балдық шкала көрсеткіштері негізінде алатын болады. Ал, Қазақстанның басқа өңірлері жүйеге жаппай 2019 жылы қосылмақ.

Саят Ермек