Құқық қорғау органдары

Жыл басынан облыс бойынша 106 азамат жоғалып кеткен

Жыл басынан облыс бойынша 106 азамат хабар-ошарсыз кеткен. Олардың 71-ін тәртіп сақшылары іздеп тапқан. Жоғалып кеткендердің арасында кәмелеттік жасқа толмағандар да бар.

Қыркүйектің 11-інде Корнеевка ауылының 17 жасар тұрғыны жоғалып кеткен. Бойжеткен құрбысының үйіне кетіп, үйіне келмепті. Қарындасын іздеп келген жас жігіттің арызы түскен соң тәртіп сақшылары іздестіру жұмыстарына кіріседі. Жоғалған ауыл тұрғыны 3 күннен соң табылған.

Тимур Исмагамбетов – СҚО ІІД қылмыстық полиция басқармасының жедел уәкілі:

– Жыл басынан полицейлер 20-дан астам кәмелеттік жасқа толмағандарды үйлеріне қайтарды. Олардың барлығы ата-аналарына айтпай, қыдыруға кетіп қалған.

Соңғы бірнеше күнде үйіне аман оралған бойжеткеннен басқа, тағы 4 жерлесіміз хабар-ошарсыз кеткен. Оларды іздестіруге 100-ге жуық еріктілер мен полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Әсіресе, әлеуметтік желілердің көмегі молынан. Абырой болғанда, жоғалып кеткендердің бәрі табылды. Олардың кейбірі серуендеуге шықтым десе, өзгелері жақындарымен келіспей қалғандықтан, үйлерінен безіп кеткен.

Тимур Исмагамбетов – СҚО ІІД қылмыстық полиция басқармасының жедел уәкілі:

– Осы жылдың 8 айында облыс бойынша хабарсыз кеткен 106 азамат тіркелді. Оның 71-і табылған. Әлі де 7 адам іздеуде жүр.

Сондай-ақ, қазір тәртіп сақшылары іс-түссіз жоғалып кеткен 49 жастағы Багдат Мадьярованы іздестіріп жатыр. Осы жылдың 8-ші тамызында үйінен шығып кеткен нәзік жанды қайта оралмапты. Ол орташа бойлы, толық дене бітімді, қысқа қара шашты, көзі қоңыр түсті. Үстінде көк көйлек пен ақшыл сары түсті жеңіл куртка, аяғына қара туфли киіп шыққан. Нәзік жандыға қатысты қандай да бір мәлімет білетіндер 8 (7152) 39-48-37, 39-48-07, 8-474-239-11-61, немесе 102 нөмірлеріне хабарласа алады.

Молдир Макишева