Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да 3 ауысымдық мектептердің мәселесі шешілуде

Ауылды жерлерден көшіп келушілердің есебінен жыл өткен сайын қала халқының саны артып келеді. Бұл өз кезегінде бірқатар мәселені тудырып отыр. Айталық, Петропавлда 3 бірдей мектеп 3 ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр. Аталған проблеманы шешу мақсатында қазір облыс орталығында жаңа білім ошақтары салынып жатыр. Оның бірі – “Береке”, екіншісі “Жас өркен” ықшам ауданында орналасқан.

Соңғы жылдары өңірдегі мектептердің кейбірі 3 ауысымда жұмыс істеп келеді. Солардың бірі – әл-Фараби мектеп-лицейі. Қазіргі таңда мұнда 500-ге жуық оқушы білім алуда. Дей тұрғанмен, аталмыш оқу ғимараты мұнша балаға шақталмаған. Сыныптардың аздығынан үшінші ауысымда оқитындардың соңғы сабақтары кешкі 19:30-да бітеді екен.

Күлімкөз Смаилова – әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры қаз:

 – Қосымша сабақтарды өткізер кезде кабинеттер жетпей жатады. Дене шынықтыру сабақтарын өткізген кезде де қиын. Бізде бір ғана спортзалы бар.

Шаһардағы 3 ауысымдық мектептердің мәселесін шешу мақсатында қазір облыс орталығында қазақ мектептері салынуда. Оның бірі “Жас өркен”, екіншісі, “Береке” ықшам ауданында тұрғызылып жатыр. Соңғысындағы құрылыс жұмыстары 50 процентке тындырылыпты. Мамандар үшінші қабатты толығымен көтеріп болған соң, ішкі әрлеу және инженерлік желілерді тарту жұмыстарына көшеді. Аталған нысандар республика бюджеті есебінен салынуда.

Владислав Лукин – СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

 – Екі мектептің құрылысына ел қазынасынан 850 млн теңге бөлініп, толығымен игерілді. Қазіргі таңда облыстық әкімдік тағы сонша қаражат бөлу жағын қарастыруда. 600 және 900 орындық мектептерді 2019 жылдың қыркүйегінде қолданысқа тапсыру жоспарланған. Құрылыс жұмыстары ойдағыдай атқарылуда. Кестеден ауытқушылық жоқ.

Бұл мектептердің басқа оқу ғимараттарынан еш айырмашылығы болмайды. Тек мұнда мүгедектер үшін арнайы лифтілер қарастырылыпты. Жалпы қазіргі таңда облыс орталығында 36 мектеп жұмыс істеп тұр. Оларда 23 700-ден астам теріскейлік бала оқиды.

Берік Қасен