Қоғам

Петропавл балық тәлімбағы 20 млн теңгенің тапсырысын орындаған

Петропавл балық тәлімбағы кезекті маусымда Есіл өзеніне 1 млн 325 мың тұқы балығын жібереді. Бұл шаруаны тындыруға кәсіпорынға республикалық бюджеттен 20 млн. теңге бөлінген. Бүгін питомникте жетілген шабақтардың тағы бір легі Есіл өзеніне жіберілді.

Петропавл балық питомнигінің мамандары Сергеев және Петропавл су қоймаларына жылына 2 рет шабақ жібереді. Мәселен, мамыр айында кәсіпорында күтіп-бапталған рипус Есіл су бассейніндегі су жәндіктерінің қатарын толықтырған. Ал қыркүйекте тәлімбақ жергілікті акваторийге тұқы балығының шабақтарын жөнелтеді екен.

Қазір су асты жәндігінің нағыз жетілген шағы. Әзірге тұқы балықтары питомниктің уақытша ұстау бассейнінде жүзіп жүр. Олардың тәлімбаққа қарасты шағын көлдерден әкелінгеніне 1-2 күндей өткен. Тұқы балығының дернәсіл кезінен шабаққа айналғанға дейінгі бірнеше кезеңі осындағы мамнадардың жіті бақылауында.

Анастасия Молоткова – Петропавл балық питомнигінің инкубациялық цехының операторы:

– Кәсіпорнымызда бірнеше аналық тұқы балығы бар. Оларды аталықтармен ұрықтандырып, олардан уылдырық аламыз. Тұқы жылусүйгіш болғандықтан, қысқы уақытта тәлімбақта арнайы температураны ұстану қажет.

Питомник басшылығы биылғы маусымда Есіл өзеніне 1 млн 325 мың тұқы балығын жіберуді көздеп отыр. Өкінішке орай, кәсіпорында жетілген бұл су жәндіктерінің бірнеше мыңы ортаға бейімделе алмай өліп қалады екен.

Ержан Жұмабаев – Петропавл балық питомнигінің директоры:

– Петропавл су қоймасына 612 мың ал Сергеев су қоймасына 700 мыңнан астам шабақ жібереміз. Бұл мақсатқа республикалық қазынадан 20 млн теңге бөлінді.

Арнайы есеп жүргізіп балықтардың санын анықтаған соң, мамандар тұқыны бөшкесі бар көліктерге тиейді. Шабақтар Есіл өзеніне Бәйтерек ауылының маңындағы аумақтан жіберіледі. Енді олар теріскей аумағынан өтетін Есіл өзенінің 700 шақырымында жүзетін болады.

Марат Есімсейітов – СҚО орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

– Бұл балық теріскейдің ауа райына төзімді келеді. Бүгін питомникте жетілген шабақтар өзенге жіберілгелі жатыр. Кейін тұқының кезекті легін Сергеев су қоймасына апарамыз. Ғалымдардың есебі бойынша Есіл бассейнінде балықтың 20 түрі мекен етеді.

Айта кетейік, бүгінде облыста 2 мыңнан аса су қоймасы мен 60 шақты шағын өзен бар.

 

Бахыт Садвокасов