Мәдениет

Михаил Гвоздевтің “Измерение N” атты кітабының тұсаукесері өтті

Бүгін С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада жерлесіміз Михаил Гвоздевтің “Измерение N” атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл – автордың жарыққа шыққан 2-ші кітабы. Туынды фантастикалық жанрда жазылған.

Михаил Гвоздев әуелде өз өмірін журналистикамен байланыстырған екен. Алайда, кейін ауыр дертке шалдығып, өзінің сүйікті мамандығымен қоштасуға мәжбүр болыпты. Өмірдің қиындығына қарамастан, ол шығармашылық жолын кітап жазып жалғастыруды шешкен. “Измерение Н” деп аталатын туынды – автордың жарық көрген 2-ші кітабы. Әзірге, бұл еңбек 50 даналық тиражбен басылған.

Михаил Гвоздев – жазушы:

– Осы шығармада ерекше және күтпеген оқиғалар көп. Туынды түрлі жастағы оқырмандарды қызықтыра алады. Кітаптың бірінші бөлімін 2014 жылы жазған едім, бірақ арада 4 жыл өткен соң ғана жинақ толықтырылып, баспаға жіберілді.

Аталмыш кітапты автор өзінің бастан кешкен қиындықтарына негіздеп жазған. Бұл шығармада 4 бірдей басты кейіпкер бар. Белгісіз жағдайларда басқа әлемге өтіп кеткен олар сол жерден шығудың амалын бірге іздейді. Романмен танысып үлгерген оқырмандардың сөзінше, фантастикалық туынды ерекше оқиғаларымен қызықтырады екен.

Светлана Мартинайтене – М.Гвоздевтің әпкесі:

– Кітап өте қызықты. Ондағы параллельді әлемдер ерекше бояулармен суреттелген. Романды оқып жатқан кезде басқа дүниенің барына сене бастайсың. Мен бұл туындыны бір күнде оқып бітірдім.

Жиын соңында жазушы Михаил Гвоздев оқырмандардың сауалдарына жауап берді.

 

Альмира Жетписбай