Мәдениет

Петропавлда “Тіл дарын” байқауының облыстық кезеңі өтті

Үш тілді меңгеру – жастар үшін жарқын болашақтың кепілі. Осымен оныншы жыл қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін жеткіншектер арасында республикалық “Тіл дарын” байқауы өткізіліп келеді. Бүгін полилингвалды конкурстың облыстық кезеңіне қатысушылар өзара мықтыны анықтап жатыр.

2008 жылдан бері “Тіл дарын” байқауы дәстүрлі түрде өңірдің полилингвалды жастарын жинайды. Олар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Биылғы байқауға қалалық және аудандық бәйгелерде оза шапқан 18 бен 22 жас аралығындағы 11 бозбала мен бойжеткен қатысуда.

Әсем Сүлейменова – СҚО тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы:

 -Тіл тазалығы, сөз құолдану өрісі, жазу және сөйлеу емлесі, дұрыс жеткізу қабілеті бағаланатын болады.

Үш кезеңнің алғашқысында полиглоттар ауызша түрде қазақ тілінде берілген тақырыптың мағынасын ашты. Кейін конкурсанттар ағылшын тілінде эссе жазып, қазақша мәтінді синхронды түрді орыс тіліне аударады.

Алуа Сыдықбекова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті, байқау қатысушысы:

– М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да оқимын. Мамандығым – екі шет тілі мұғалімі. Ағылшын тілінен мықтап дайындалдым. Ұлтым қазақ болғасын, мемлекеттік тіл мен орыс тілін жақсы білгендіктен, ағылшынға басымдылық бердім.

Тапсырмалар оңай емес. Себебі, бас жүлде ретінде – “Тіл дарынның” республикалық кезеңіне жолдама тігілген. Күллі Қазақстаннан жиналатын кілең мықтылардың бәйгесі қазан айында елордада өтпек.

Саят Ермек