Қоғам

Петропавлда қалалық сенбілік өтті

Облыс орталығында қарттар күніне арналған жаппай қайырымдылық сенбілігі өтті. Оған мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен білім ошақтарының ұжымдары қатысты. Одан бөлек, бірқатар мекемелер тазалық шарасына қажетті техника бөлген. Барлығы бұл күні жерлестеріміз 400 тоннаға жуық қоқыс жинаған.

Қолдарына тырма, сыпырғыш және күрек алған мемлекеттік мекеме қызметкерлері таң атысымен шаһар аумағын тазалауға білек сыбана кірісіп кеткен. Қазір, бір топ жерлесіміз Жәлел Қизатов көшесі бойында салынып жатқан саябақты ретке кетіріп жатыр. Аталған демалыс орнының құрылысы осыдан 3 ай бұрын қолға алынған. Мердігер – “Благоустроиство Север” серіктестігі.

Асхат Рамазанов – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобль жолдары бөлімінің бас маманы:

– Бұл жерге біріңғай тас төселеді. Кейін саябақта балаларға арналған алаңқай тұрғызылады. Қала тұрғындары кешкі уақытта осы жерге келіп демала алады. Барлық жұмыстар қазан айында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің консультанты Үміт Мүсәпірова осы саябақтың жанындағы үйде тұрады. Сондықтан, аталған жерді тазалау мен үшін екі есе қуанышты дейді.

Үміт Мүсәпірова – Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің консультанты:
– Мен бұл ауданға 2 жыл бұрын көшіп келдім. Мұнда саябақ салынып жатыр. Біз өте қуаныштымыз. Кешке серуенге шығатын боламыз.

Мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен бірге сенбілікке қалалық білім ошақтарының мұғалімдері мен оқушылары да шықты. Мәселен, 23-орта мектептің ұжымы бір адамдай жұмылып, мектеп аумағын тазалап тастады. Қазір олар Мир көшесінде ағаштардан түскен жапырақтарды жинастырып жатыр.

Шалқар Қабылбеков – 23 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Бүгін сенбілікке 72 мұғалім мен 70-ке жуық оқушы шықты. Біз Мир көшесі мен Уәлиханов көшесін қоқыстан тазартып жатырмыз.

Сонымен қатар, “Коммунхоз Петропавловск” серіктестігінің қызметкерлері Парк және Бруссиловский көшелерінің бойындағы ағаштардың түптері мен жолдың жиектастарын ағартып шықты. Жалпы, қайырымдылық сенбілігінде 400 тоннаға жуық қоқыс жиналып, қала сыртына шығарылды.

Молдир Макишева