Қоғам

Петропавлда әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті

Жер телімдерін жалға беру жөніндегі байқауды өткізу ережелерін бұзу, елді-мекендерді сумен қамтуға бөлінген қаржыны жөнді игермеу! Петропавлда әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында жұмысына салғырт қараған мемлекеттік қызметшілерге қатысты барлығы 9 тәртіптік іс қаралды.

Отырысқа шығарылған мәселенің бірі – үстіміздегі жылдың 9 айында “Құпия сатып алушы” әдісі бойынша жүргізілген қоғамдық бақылаудың қорытындысы. Бүгінге дейін арнайы мамандар өңірдегі 194 мемлекеттік мекеменің жұмысын тексеріп, онда 149 заңбұзушылықты анықтапты. Нәтижесінде 6 қызметкер жұмысына салғырт қарағандығы үшін жауапкершілікке тартылған.

Арман Қахабаев – ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Қызылжар ауданына қарасты Соколов селолық округінің әкімі халыққа көрсетілетін қызметтердің түрлерін білмей шықты. Оның үстіне жұмыста қалай болса солай киініп жүрген. Оған ескерту жасалды. Ал осы аудандағы ХҚКО қызметкерлері, анықтамаларды бөгде адамға беріп келген. Осылайша, 1 клиент 2-ші бір адамның жеке куәлігімен келіп, сұратқан құжатын алғаны анықталды. Олқылыққа жол берген 2 қызметкерге қатысты сөгіс жарияланды.

Бұдан соң, бюджет қаржысын талан-таражға салып, жұмысына немқұрайлы қараған Ғ.Мүсірепов аудандық ТҮКШ, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі басшысының ісі қаралды. Бұл мәселе 2016-шы жылы жүргізілген Сарыбұлақ пен Раисовка ауылына су құбырын тарту жұмыстарымен байланысты. Қос елді-мекенге тіршілік көзін жеткізу үшін қазынадан 30 млн. қаржы бөлініпті. Тек бөлім басшысы мердігер шаруаны толықтай аяқтамай жатып, нысанды қабылдау актісіне қол қойып жіберген.

Бахтияр Сактағанов – ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының СҚО бойынша департаментінің аға тергеушісі:

– Тергеу барысында «Әл-Таир» серіктестігінің есеп-шотына атқарылмаған жұмыстың төлемі жасалғандығы дәлелденді. Бөлім жетекшісі актілерге қол қоймай тұрып, құрылыс орнына барып, жағдайды өз көзімен көруі қажет еді. Бұл оның тікелей қызметтік міндетіне кіреді. Бірақ, мемлекеттік қызметші салғырттық танытқан. Екі ауылды қоса есептегенде атқарылмаған жұмыстардың жалпы сомасы 3 млн теңгені құрайды.

Өз кезегінде, аудандық бөлімнің басшысы Руслан Шалабаев жиналғандардың алдында ақталуға тырысты. Бұндай іске бюджетті игермегендігі үшін белгіленетін жазадан құтылу үшін бардым дейді. Алайда, келтірілген айғақтарға сүйене отырып, кеңес мүшелері, оны қызметінен шығару керек деп ұйғарып, аудан басшысына ұсыныс жіберетін болды. Бұл жолы Есіл ауданы әкімінің орынбасары мен аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының да басы дауға қалды. Қос лауазымды тұлға жер телімдерін жалға беру жөнінде байқауды өткізу талабын сақтамаған. Қателіктерін ішінара мойындаған олар, келесі жолы мұндай олқылыққа жол берілмейді деп сендірді. Кеңес мүшелері аудан басшысының орынбасарын төмен қызметке ауыстыруға, ал бөлім жетекшісі лауазымына толықтай сай емес деген ұсыныстарын жасады. Жалпы, әдеп жөніндегі кеңестің күн тәртібінде 9 тәртіптік іс қаралды.

 

Бахыт Садвокасов