Құқық қорғау органдары

Петропавлда 2 қызды көлік соғып кетті

Қыркүйектің 15-інде облыс орталығында жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы орын алды. Жұмадан сенбіге қараған түні Казахстанская правда көшесінде орналасқан Байсал моншасының жанында жоғары жылдамдықпен жүріп келе жатқан “Лексус” көлігі 2 қызды соғып кетті. Жәбірленушілер түрлі жарақаттармен, ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген болатын. Қазіргі таңда оқиға орнынан қашып кеткен көлік жүргізушісі іздестіріліп жатыр

Бұл бейнежазбадан жолға қарай беттеген екі қызды жоғары жылдамдықпен келе жатқан “Лексус” көлігі соғып кеткенін көруге болады. Оқиға шамамен таңғы сағат 4:30 кезінде орын алған. Жәбірленушілер ес-түссіз күйде қаладағы екі ауруханаға жеткізілді. Қазір 3 қалалық ауруханада жатқан қыздың халі жақсарған.

Дмитрий Флёрко – Петропавл қалалық №3 аурухананың жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі:

– 15 қыркүйек таңғы сағат 05:09-да ауруханаға ауыр жарақаттар алған
1996 жылғы қыз түсті. Бірнеше сүйегі сынған. Қазір жағдайы тұрақты деуге болады. Есін жиды. Сөйлесе алады. Қажетті ем-дом шаралары жасалып жатыр. Енді ол травматалогия бөліміне ауыстырылады.

Бірақ екінші қыздың жағдайы мүшкіл. Ауруханаға жеткізілген соң, жәбірленушіге бірден бассүйек ми жарақатына байланысты ота жасалыпты. Науқас әлі есін жимаған.

Дәуренбек Бейсембаев – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазір қыздың жағдайы ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр.

“Байсал” моншасының қасында жылдамдықты сағатына 10 шақырымнан асыруға болмайды деген белгі тұр. Жүргізуші бұл ескертуді елемеген. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, көлікте жүргізушіден басқа 2 жолаушысы болған. Бірақ, темір тұлпар тізгіндеген азамат жол-көлік оқиғасы орын алған жерден қашып кетті. Айыпты бұл қылмысы үшін 2 жылға қамауға алынуы мүмкін немесе жүргізуші құқығынан айырылады.

Нұрбек Баекин – СҚО ІІД баспасөз хатшысы:

– Лексус көлігінің жүргізушісі іздестіріліп жатыр. Оқиғаға қажетті сараптамалар тағайындалды.

Аталған істің мән-жайы шамамен 2 айдан соң анықталмақ.

Айта кету керек, бұл осы жерде орын алған бірінші жол-көлік оқиғасы емес. Сондықтан, жолды кесіп өтер кезде жаяу жүргіншілердің жан-жағына мұқият қарап өткендері жөн. Ал көлік жүргізушілері өз кезегінде жылдамдықты шектен тыс асырмаулары тиіс.

            

 

Молдир Макишева