Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдікте аппараттық жиын өтті

Облыстық әкімдікте кезекті аппараттық жиын өтті. Отырыста 3 негізгі мәселе қаралды. Нақтырақ айтатын болсақ, кеңесте өңірдің 8 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланып, алдағы жылыту маусымына дайындық шаралары пысықталды. Тағы, бірқатар басқарма басшылары ұсынған жобалық қаулылар мақұлданды.

Аппараттық кеңес кадрлық ауыс-түйістен басталды. Алдымен өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов жиналғандарға облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіровты таныстырды. Кейін, әңгіме ауаны 3 негізгі сұраққа ауысты. Оның алғашқысы – теріскейдің 8 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты болды. Бұл жайлы облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев толығырақ баяндады.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Қаңтар-тамыз аралығындағы өңірдің дамуы жайлы қысқа мерзімді көрсеткіш 105 пайызды құрады. Нақтырақ айтатын болсақ, жыл басынан бері өңірде құрылыс жұмыстары 1,5 есеге артты, инвестиция 8 пайызға, бөлшек сауда көлемі 1 жарым, ауыл шаруашылығында өндірілген тауар 0,7 процентке ұлғайды. Өнеркәсіп саласында 154 млрд теңгенің өнімі шығырылды. Осылайша нақты көлем индексі 99,1 пайызды құрады. 7 ай ішіндегі өсім 1,2 пайызға төмеп кеткен.

Өнеркәсіп өндірісіндегі төмендеу Мамлют, Айыртау аудандары мен Петропавл қаласында байқалады. Мұны өңір жетекшісі қатаң сыңға алды. Әсіресе, Құмар Ақсақалов “Мамлют ұн өндіру” комбинатының жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізді. Өйткені, аталған кәсіпорында жыл басынан небары 5 мың тонна тауар шығарылыпты. Ал, былтыр бұл көрсеткіш 2 есе жоғары болған екен.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  “Мамлют ұн өндіру” комбинаты былтыр да жоспарланған көлемді орындамады. Биыл дәл сондай жағдай қайталанып отыр. Бұл өндіріс ошағы ылғи тауарымыз Тәжікстан, Өзбекстан елдеріне экспортқа шықпай жатыр деп шағымданады. Бірақ, мұнымен тоқтап қалмай, жаңа нарықты іздеу қажет. Мәселен, өнімді Қытайға сатуға болады. Аспан асты мемлекетімен ұн, бидай саудалау жөнінде келісімге келген болатынбыз.

Қазір мамлюттіктертер өзекті мәселені шешу амалдарын қарастырып жатқан көрінеді. Нақтырақ айтсақ, комбинат басшылығы Қытайға өнім экспорттау жайлы келісімдер жасасуда. Тағы, облыс әкімі бұл – өңірдегі мәселесі бастан асатын жалғыз элеватор еместігін айтты. Мұндай өндіріс ошағы Тимирязев ауданында да бар.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Тимирязев ауданындағы КЕС серіктестігі де үнемі экспортқа шыға алмай жатырмыз деп шағымданады. Бұл проблеманы шешу үшін Айдарбек Сейпілұлы барлық ұн өндіретін кәсіпкерлерді, трейдерлерді жинауыңыз керек. Сол жиында бизнесмендерге сатып алушыларды, нарықтар мен бағаны таныстыру қажет. Осылай жұмыс істемесе болмайды. Іспен айналысыңыздар.

Облыстағы өнеркәсіп өндірісінің төмендеуіне Петропавлдағы кәсіпорындардың да тигізген әсері бар. Атап айтар болсақ, Петропавл ауыр машина жасау зауыты өндіріс көлемін 53 пайызға төмендетіпті. Оған қоса жұмысшылар санын да қысқартқан. Бұл олқылықты кәсіпорын басшылығы былай түсіндірді.

Юрий Захаров – “ПАМЖЗ” АҚ бас директорының орынбасары:

– Сәуір айында Қазмұнай газ және басқа да еншілес компания өкілдерімен кездесу өткіздік. Сонда олар бізге қыркүйек айында 2018-ші жылға арналған қосымша және 2023-ші жылға дейінгі ұзақ мерзімге шақталған тапсырыс береміз деді. Бірақ, әлі келісімге келе алмай жатырмыз. Оның үстіне биыл Өзен компаниясы біздің тауарымызды алмайтын болып шықты. Келер жылға тапсырыс санын да қысқартты.

Облыс әкімі зауыт жұмысының салғырт жүріп жатқанын сынға алды. Сондықтан, өндіріс көлемін арттыру үшін орынбасары Дәурен Жандарбекке Маңғыстау облысындағы компаниялармен байланыс орнатуды тапсырды. Бұдан бөлек, Зиксто акционерлік қоғамында да өнім көлемі 44 пайызға төмендеп кеткен. Бұған басты себеп – жүк вагондарының шығарылмауында болып отыр. Ресейден жеткізілетін тетіктердің тапшылығына байланысты, жергілікті жердегі өндіріс те уақытша тоқтатылыпты. Бұл мәселені шешу үшін қазір кәсіпорын Украина, Қытай елдеріндегі өндіріс орындарымен әріптестік орнатып жатқан көрінеді. Тағы, жиында бюджеттің игерілуі де сөз болды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– 8 ай ішінде шығыстар бойынша бюджет 98,2 пайызға игерілді. Ақшаны іске асырмайтындардың көшін Айыртау ауданы бастап тұр. Аталған аудан 169 млн. теңгені қажеттілікке жаратпаған. Тағы, құрылыс басқармасы – 364 млн, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы – 319 млн. теңгені пайдаланбаған. Бұдан басқа да ведомствалар бар.

Өз сөзінде Құмар Ақсақалов ақшаны жыл соңына дейін міндетті түрде игеруді тапсырды. Ал, іске асырмағандар жазаланатын болады. Тек, қаржыны игеру үшін жаңбыр жауып тұрғанда асфальт төсемеуді қатаң ескертті. Тағы, облыс әкімі өңірдегі құрылыс қарқынына көңілі толмайтынын мәлімдеді. Бұл сын әсіресе, ауылдарда салынып жатқан тұрғын үйлерге қатысты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Міне, ауылдарда салынатын үйлер Ильичевкадағыдай болу керек. Жобада осындай баспаналар мақұлданған болатын. Ал, Бәйтеректе басқаша үлгідегі нысандар тұрғызылыпты. Бұл ғимараттар жарамайды. Оны ертең мемлекет сатып ала алмайды. Осы ретте барлық аудан әкімдеріне айтарым – үйлер жобада көрсетілгендей болуы керек. Қабырғанның биіктігі, шатыр – барлығы нормаға сай болсын. Мұны арнайы құрылған комиссия тексереді.

Жалпы, биыл теріскейде осындай 10 үй салынбақ. Келесі жылы олардың санын 600-ге жеткізу жоспарланып отыр. Аппараттық кеңесте қаралған келесі сұрақ – алдағы жылыту маусымына қатысты болды.

Әділбек Әубәкіров – СҚО энергетика және ТКШ басқармасы басшысы:

– Петропавл 2-ші жылу электр орталығында 181 мың тонна көмір бар. Бұл 22 тәулікке жетеді. Тағы, 546 тонналық мазут қоры жасалды. Осы күні бюжеттік мекемелердің барлығы қара отынмен қамтылған. Тұрғындар да көмір алып жатыр. Қазір өңірдің темір жол тұйықтарында 71 мың тонна көмір бар. Оның 12 мыңы Петропавл қаласында орналасқан.

Айта кетейік, қазіргі уақытта облыс орталығындағы тұрғын үйлердің 25 пайызына жылу беріліпті. Қалғаны орталықтандырылған жылу желісіне қыркүйектің 25-іне дейін қосылады. Ал, әлеуметтік нысандарға жылу алдағы 3-4 күнде жетеді. Бұл ретте өңір жетекшісі көмірдің бағасын бақылауда ұстауды тапсырды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Әлеуметтік желілерде өңірдегі көмір қоры мен қара отынның бағасы жайлы ақпарат күнделікті таратылуы керек. Егер де тауардың құны өзгеретін болса, ол жерге бірден монополияға қарсы инспекция мамандары барып жағдайды реттесін. Бағаны өсіру деген мүлде болмасын.

Жиын соңында бірқатар басқарма басшылары ұсынған жобалық қаулылар мақұлданды. Соның бірі – теріскейлік саяси қуғын сүргін құрбандарына арналған жәрдемақыға қатысты болды. Енді жерлестерімізге қарастырылған қаржылай көмектің көлемі бұрынғыдай 3 емес, 7 АЕК құрамақ.

 

Култанов Байболат