Спорт

GGG кәсіпқой рингте алғашқы рет жеңіліс тапты

Күллі Қазақстанды жексенбілік таңда тек Геннадий Головкин ғана оята алады! Отандас боксшының “Канелоға” қарсы екінші жекпе-жегі жайлы қазақстандықтар осылай қалжыңдайды. Кеше, таңғы сағат сегіз жарымда Лас-Вегастағы “Т-Моbile” аренасында “Triple G” мексикалық қарсыласымен тағы бір мәрте жұдырық түйістірді. Бұл жекпе-жекте төрешілердің шешімі бойынша Сауль Канело Альварес 115 те 113 есебімен басым түсіп, Головкинді барлық чемпиондық атақтарынан айырды. Геннадийге қалың қазақ елі жанкүйерлік еткен болатын.

Көптен күткен реванш. Араға бір жыл салып мексикалық “Канело” мен қазақ елінің мақтанышы “Triple G” екінші рет қолғап түйістірді. Орта салмақтағы әлемнің екі үздік боксышысы алғашқы жекпе-жекте тең түскен болатын. Ал қыркүйектің 16-сы өткен екінші текетіреске өз жеңісіне сенімді отандасымыз үш бірдей чемпиондық белдігін тікті. Головкинге жанкүйер болып, рингтегі тартысты тамашалау үшін петропавлдықтар “Қазақстан” кинотеатрының залына жиналды. Мұндай бұқаралық көрсетілімдерді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жиі ұйымдастырып тұрады.

– Головкин үшінші раундта жеңетін шығар. Оның жеңісіне сенеміз, Гена алға!

 – Мен Головкин жеңеді деп болжап отырмын. Себебі оның жаттығуларын, бұған дейін өткізген жекпе-жектерін шолып шықтым. Оның формасы да, техникасы да өте жақсы. Генаға сенеміз!

Бұл болжамдарды тексеретін уақыт жетті. Жекпе-жек басталды. Екі боксшы бір-біріне кезек-кезек жойқын соққылардан жауын жаудыруда. Басымдықтың кімнің қолында екені белгісіз. Ал бұл сәтте залда айқай шу мен ду қол шапалақ. Жексенбілік таңын қиып келген бокс сүйер қалалықтар Генаға барынша қолдау көрсетуде.

Жекпе-жек алдындағы сұхбаттарының бірінде Головкин мексикалық азулыны нокаутқа жіберіп, тартысты ертерек аяқтауға тырысамын деген болатын. Алайда, бұл жолы да “Канело” мен “Triple G” 12 раундың барлығын өткерді. Төрешілердің шешімі бойынша 115-113 есебімен Сауль Канело Альварес орта салмақтағы әлем чемпионы атанды. Ал отандас былғары қолғап шебері бүгінге дейін тырнақтап терген атақтарынан айырылып қалды.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Алғашқы екі раундта қарсыластар бір-бірін аңдып, барлап шықты. Ал келесі екі раунд Головкиннің еншісінде болды деп сеніммен айта аламын. Кейін отандасымыз басымдықты беріп қойды. Ал 10-11 раундтарда қарқын қосып, Альваресті нокаутқа жіберетін мүмкіндігі болып еді. Алайда, Геннадий оны пайдалана алмады. Жекпе-жек тең, ұпай айырмасы өте қысқа. Бірақ төрешілер мексикалықты жеңіске лайықты деп тапты. Бұған қарамастан, Гена біз үшін нағыз чемпион!

Үшінші жекпе-жек бола ма? Әлемді қазір осы сұрақ қызықтыруда. Геннадий Головкин Альвреспен тағы бір мәрте рингке шығып, белдіктерін қайтарып алуға мүдделі. Мексикалық та кет әрі емес. Алайда, жекпе-жектен кейінгі сұхбатында ол әзірге өзінің жеткен жетістігінен ләззат алуды құп көретінін жеткізді.

Саят Ермек