Денсаулық сақтау

Тегін дәрі-дәрмек уақытында берілмей жатыр

Үстіміздегі жылдан тұрғындар тегін препараттарды бұрынғыдай кез-келген дәріханада емес, емханалардан ғана алып келеді. Соңғы күндері бұндай жаңашылдық науқастардың орасан зор наразылығын туғызған. Себебі, бұл жерлерде дәрі-дәрмекке деген кезектер ұзара түсті. Бұдан бөлек, кейбір емханаларда жаңа бағдарламаны дұрыс қолданбаудың кесірінен пациенттер қажетті препараттарын уақытында ала алмаған.

№3 қалалық емхананың дәріханалық пункті бірінші қабатта орналасқан. Ол таңғы сағат 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін жұмыс істейді. Мұнда науқастарға қажетті негізгі дәрмектердің бәрі бар. Алайда, осыдан 3 күн бұрын дәріханаға кезекте тұрған жерлестеріміз қажетті препараттарын таппай, даурыққан.

– Дәрі-дәрмектерді 2 күн бойы кезекте тұрдым. Бірақ, еміме қажет преппарат болмай шықты. Бүгін міне қайта келдім.

Мұндай жағдай дәрі-дәрмекке тапсырыс беретін бағдарламаны дұрыс қолданбағаннан туындады дейді емдеу мекемесінің бас дәрігері.

Әлия Тәшетова – №3 қалалық емхананың бас дәрігері:

– Біздің қызметкерлеріміз “Исло” бағдарламасын дұрыс қолданбағандықтан, осындай олқылықтар орын алды. Яғни, олар дәрі-дәрмектердің тізімін толық ашпаған. Бүгін осы мәселені түбегейлі шештік. Мамандарға аталған бағдарламаны қалай қолдану керектігін түсіндірдік. Алдағы уақытта мұндай проблемаларға жол бермейміз. Сондай-ақ, біз кейбір препараттарға қосымша тапсырыс бердік. Жылдың соңына дейін тұрғындар қажетті дәрі-дәрмектермен толықтай қамтылады.

Сондай-ақ, биыл тегін таратылатын препараттардың науқастарға дәріханаларда емес, емханалар мен амбулаториялардың дәріханалық пункттерінде беріле бастағаны белгілі. Бұл да тұрғындардың наразылығын туғызып отыр. Алайда, облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар бұл бастаманының тиімді тұстары көп дейді.

Дәуренбек Бейсембаев – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:


– Өткен жылы фармацевтикалық қызметтерге 700 млн. теңге жұмсалды. Биыл бұл шығындарды ескере отырып, дәріханалардағы пункттерді емханаларға ауыстырдық. Осылайша, аталған қызметтерге жұмсалған қаржыға жоспардан тыс препараттар алдық. Жалпы, қазіргі таңда облыс бойынша 60 мыңнан астам адам тегін медициналық көмекке жүгінеді. Олардың 7 мыңы – қалалықтар болса, қалғандары – ауыл тұрғындары.

Биыл облыс бойынша түрлі дәрі-дәрмектерге мемлекет тарапынан 5 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылған екен. Қазіргі таңда жоспардың 3 млрды еңсерілген.

 

Молдир Макишева