Халық тарих толқынында

Петропавлда “Қазыналы Қостанай мұрасы” атты көрме ашылды

Бүгін Петропавлда «Қазыналы Қостанай мұрасы» атты көрме ашылды. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жерлестеріміз көрші өңір туралы қызықты деректер және 250-ден астам құнды жәдігерлермен таныса алады.

Көршілес жатқан Қостанай өлкесінің тарихы терең, ал табиғаты шұрайлы. Ахмет Байтұрсынов, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов – бұл қайраткерлер дәл осы өңірдің шұрайлы топырағында туған. Қостанай – пайдалы қазбаларға да бай. Минералдар мен жартылай асыл тастарға көршілеріміз әзірлеп әкелген көрмеде ерекше орын берілген.

Нәзима Оташева – Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім жетекшісі:

– Көрмеде 250-ден астам жәдігер бар. Солтүстікқазақстандық музей қорларының бай екенін ескере отырып, түпнұсқалық жәдігерлерді әкелдік. Бұл экспонаттар біздің мұражайымыздың мақтанышы болып табылады.

Көрмедегі ерекше жәдігерлердің бірі – сүйекпен әрленген Амангелді Имановтың домбырасы. Музыкалық аспаптың жасалғанына бір ғасырдан астам уақыт өтіпті.
Ал, Айтбай батырдың дулығасы осыдан екі жүз жыл бұрын тігілген екен. Дулығаны ұзақ жылдар бойы жауынгердің ұрпағы сақтап келіпті. Олар бұл бас киімді қасиетті деп есептейді. Теріскейліктер осы тектес құнды заттармен бір ай көлемінде таныса алады.

Гүлнар Мұқышева, облыстық музей бірлестігінің директоры:

– Қостанайлық музейден соң, жергілікті жерде Иран елшілігі де өзінің көрмесін ашады. Бұл тараптың өтінішін біз қуана-қуана қабылдадық. Бұдан соң біз “Қазақстан мен Ресей: екі серіктестің диалогы” атты өз көрмеміздің тұсауын кеспекшіміз. Ол өңіраралық ынтымақтастық форумына арналатын болады.

Ал бейнелеу өнері мұражайында Қостанай делегациясы теріскейліктердің назарына қылқалам шеберлерінің үздік туындыларын ұсынған.

Альмира Жетписбай