Халық тарих толқынында

Өңірге “Қаһармандар” қоғамдық қорының төрағасы келді

Солтүстік Қазақстан облысына республикалық “ҚаҺармандар” қоғамдық қорының төрағасы Сабыр Қасымов келді. Ол басқаратын қор тәуелсіздік жолында жазым болған батырлардың есімдерін мәңгілік етуді көздейді. Бүгін қайраткер өңірдің тарихшы-өлкетанушыларымен және қоғам қайраткерлерімен кездесіп, ұйымның алдағы жоспарларымен бөлісті.

“Қаһармандар” қоры ел басына күн туғанда отаным деп отқа түсіп, суға батқан боздақтарды ақтауды көздейді. Себебі, қазақ еліне бостандық әперу жолында азап кешкен жандардың көпшілігі түрлі себептерге байланысты еленбей қалды. Бірқатары еліміз егемендік алған соң да ақталмай қалған. Себебі, бүгінде қолданыстағы заңдарда бұл жандардың мәртебесін анықтайтын нормалар жоқ, дейді қор төрағасы Сабыр Қасымов.

Сабыр Қасымов – Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының төрағасы:

– Ресей бізге жақсы үлгі бола алады. Олар осы бағытта ондаған заңнама қабылдады. Біз де біраз нәрсе жасадық. Алайда, өңірлердегі боздақтардың көбі ақталмай отыр. Менің бұл салада жүргеніме 35 жыл болды. Бірнеше мемлекеттік комиссияларға мүшелік еттім.

Кеңесары, Амангелі көтерілістері, 1937-жылғы Сталиндік репрессиялар. Ел тарихынан өшпес орын алған бұл оқиғалардың құрбандарын шама келгенше тауып, ұлықтау – кейінгі ұрпақтың міндеті дейді жиналғандар.

Сабыр Ибраев – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректордың міндетін атқарушы 229 п.:

– Біз қазір Ресей және Қытай архивтерімен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Мұнда 18 ғасыр мен қазіргі уақыт аралығында орын алған төңкерістер мен толқуларда жазықсыз жазаланған боздақтар жайлы тарихи деректер өте көп. Бұл құжаттарды зерттеу арқылы біздің ақиқатқа көз жеткізіп, тарихымыздағы ақтаңдақтардың орнын толтыру мүмкіндігіміз бар.

“Қаһармандар” қоры репрессияға ұшыраған, жазықсыз жазаланған отандастарымыздың статусын анықтайтын заң жобасын әзірлеп, Парламентке ұсынған. Сондай-ақ, қор өкілдері еліміздің біраз өңірлерін аралап, өз филиалдарын ашып жатыр. Кезек Солтүстік Қазақстан өлкесіне жеткен. Ендігі кезекте, жазықсыз жазаланған туысқаны бар жерлестеріміз де қорға хабарласа алады.
  

 

Саят Ермек