Құрылыс

Облыста “7-20-25” бағдарламасының шарттарына сай келетін баспана жоқ

Өңір тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамту қалайша жүріп жатыр? Аталмыш мәселе, бүгін Елбасының бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылайтын облыстық қоғамдық кеңестің отырысында көтерілді. Жиын барысында “7-20-25” бағдарламасының орындалуы кеңінен қаузалды.

Елімізде баспана мәселесі өзекті тұр. Қазақстандықтарды жеке үйімен қамту мақсатында үстіміздегі жылдың шілде айынан тағы бір маңызды жоба іске қосылды. “7-20-25” бағдарламасы аясында 3 жыл депозит жинаудың қажеті жоқ. Өйткені, заем сомасының 20 процентін төлеп, ипотека ресімдеу мүмкіндігі қарастырылған. Несие шарттары туралы барлық ақпаратты бағдарламаға қосылған ІІ-деңгейлі банктерден білуге болады.

Бақыт Сабиева – «ҚР Ұлттық банкі» РММ СҚФ директорының орынбасары:

– Ипотекалық бағдарламаға өтініштерді Forte Bank, Центр кредит банкі, АТФ банкі, Цесна банк, Bank RBK, Еуразия банкі, Халық банкі қабылдайды. “7-20-25” бағдарламасы бойынша ипотекалық заем алу үшін отбасының жалпы табысы 120 мың теңгеден кем болмауы тиіс. Қаражат жетпеген жағдайда, қосалқы қарыз алушыны, яғни туыстарыңыз бен таныстарыңызды тартуға болады. Бағдарлама аясында берілетін үйлердің шаршы метрі 140 мың теңгеден аспауы тиіс.

Бірақ, аталмыш тұрғын үй жобасы бойынша өңірімізде ақпараттық-түсіндіру шаралары сылбыр жүріп жатқан жайы бар. Бұны кеңес мүшелері тұрғындар арасында жүргізілген сауалнамадан біліпті. Екінші мәселе – облысымыздағы коммерциялық баспаналардың тапшылығында болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, өңірімізде “7-20-25” бағдарламасының шарттарына сәйкес келетін тұрғын үйлер жоқ. “Казградстрой” және “Основание” компаниялары жаңа баспаналарының шаршы метрін 240-300 мың теңгеге бағалапты.

Владислав Лукин – құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

– Мысалы, “Қызылжар” тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің шаршы метрі 240 мың теңгеден сатылады. Ондағы үш бөлмелі пәтердің жалпы аумағы 126 шаршы метрді құрайды. Оны 240 мың теңгеге көбейткенде, 30 млн теңге шығады. Демек, бұл баспаналар қарапайым тұрғындарға қолжетімсіз болады.

Кеңес мүшелері қайталама нарықтағы баспаналардың бағасы арзанырақ дейді. Бірақ, ондай пәтерлер бағдарламада қарастырылмаған. Осы орайда, жақында ел бойынша “Баспана хит” жобасы іске қосылмақшы. Оның шарттары “7-20-25” – тен өзгешелеу. Осылайша, тұрғын үй заемының 20 процентін төлеп, жылдық 10,75 процент ставкасымен 15 жылға дейін қолданыста болған пәтерлерді ипотекалық несие арқылы ресімдеуге болады. “Баспана хит” бағдарламасын Ұлттық банктің еншілес ұйымы – “Баспана” ипотекалық ұйымы” жүзеге асырмақшы.

Берік Қасен