Балалар

“Достық” сауықтыру лагерінде мектеп орманшылықтарының 7-ші слеті өтті

“Достық” сауықтыру лагерінде жас орманшылардың 7-ші облыстық слеті өтті. Байқауға жиылған 70-ке жуық жеткіншек 12 командаға бөлініп, өзара мықтыны анықтады.

Мектеп оқушылары арасындағы бұл байқау игі дәстүрге айналған. Бұл жолы Достық” сауықтыру лагеріне өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген 70-ке жуық балақай жиылған. Сайыстың шарты бойынша олар бірнеше сынақтан өтеді. Алғашқысы – “орман бағыты”.

Абылайхан Қайроллаев – “Жас Отан” ЖҚ СҚОФ жетекшісі:

– Бірінші пункте шарлар қойылған. Екіншісінде скотч, ал үшіншісінде найзаларды дайындап қойдық. Қатысушылардың басты міндеті – мәреге бірінші жетіп, найзалармен шарларды жару. Барлық шарлар жарылған кезде ғана уақыт тоқтатылады.

Қазір Мамлют ауданынан келген «Орман шолулар» командасы бақтарын сынап жатыр. Бұл кезең оларға қиынға соқпады. Оқушылар тапсырманы 16 минут 42 секундта аяқтады. Өткен жылы бұл құрама үшінші орынға қол жеткізіпті. Биыл олардың мақсаты – жеңімпаз атану екен.

Алина Жанина – Дубровка орта мектебінің оқушысы, Мамлют ауданы:

– Мен үшін ең қиыны – екінші сынақ болды. Соңғы минуттарда ғана командамыз бірігіп, алға шықтық. Меніңше, өзіңе және топтастарыңа сенімді болсаң, онда бәрі де қолдан келеді!

Ал мына жерде құрамалар өз жобаларын қорғауда. Олар орман шаруашылығы мен табиғатты қаншалықты жақсы көретінін презентациядан көрсетпек. Жыл сайын ұйымдастырушылар байқауға өзгерістер енгізеді. Мәселен, биыл оқушылар слайдтан бөлек, қызықты қойылымдарды да көрсете алды.

Любовь Галицкая – №1 Чкалов орта мектебінің география пәнінің мұғалімі, Тайынша ауданы:

– Бұл шараға біздің оқушылар бесінші жыл қатарынан қатысып келеді. Өйткені, аталмыш байқауда жүлде маңызды емес. Ең бастысы – бұл жарыстарға белсенді қатысу.

Слеттің қорытындысы бойынша жеңімпаздарға – 35 мың теңге, екінші орын үшін – 25 мың, ал үздіктер үштігін қортындылаған командаға 20 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, белсенді қатысушылар да түрлі номинациялар бойынша марапатқа ие болды.

Альмира Жетписбай