Аптадағы маңызды жаңалықтар

Айыртаулық дихан гектарынан 62,5 центнерден астық жинап жатыр

Сонымен қатар, өңір басшысы Құмар Ақсақалов Айыртау ауданына да барды. Облыс әкімі аталған өлкедегі Бабық-Бұрлық шаруашылығында болып, астықтың сапасымен танысты. Биыл бұл агроқұрылым облыс рекордын жаңартып отыр. Нақтырақ айтсақ, серіктестік диқандары кей алқаптарда гектарынан 62,5 центнерден бидай жинап жатыр.

Үстіміздегі аптаның бірнеше күнінде ауа райы жайма шуақ болып тұр. Мұны тиімді пайдаланған Айыртау ауданындағы «Сырымбет-1» серіктестігі орақ науқанын қызу жүргізіп жатыр. Биыл шаруашылық 6 мың гектар алқапқа тұқым сепкен. Аумақтың үштен бір бөлігіне майлы дақылдар сіңірліпті. Қазір мамандар рапсты бастыруда. Гектар берекелігі – 18 центрді құрайды.

Манат Ғабдуллин – «Сырымбет-1» ЖШС директоры, Айыртау ауданы 164:

–  Өнім берекелігі былтырғы облыстық көрсеткіштен жоғары болып отыр. Мұндай ырыздыққа минералды тыңайтқыштардың арқасында жетіп отырмыз. Жазғы уақытта алқапты 3 мәрте өңдедік. Енді міне, еңбегіміздің жемісін көріп келеміз. Әзірге қиындықтар жоқ. Тек ауа райы ғана кей кездері ауыртпашылық тудыруда.

Кейін, өңір басшысы Бабық-Бұрлық серіктестігінің алқабында болды. Бұл құнарлы топырақта биыл өңірімізде бұрын-соңды болмаған бидай өскен. Қазіргі уақытта кәсіпорын диқандары гектарынан 62,5 центнерден өнім жинап жатыр. Мұндай берекелі астыққа агроқұрылым мамандары тынымсыз еңбектің арқасында қол жеткізіпті.

Сейілбек Махметов – «Бабык-Бұрлық» ЖШС директоры:

 – Күзден бастап жерді күттік. Минералды тыңайтқыш сіңірдік.

Жалпы, биыл айыртаулықтар 370 мың гектар танапқа дән сеуіпті. Осы күні алқаптардың жартысына жуығындағы өнім жиналған. Ырыздық берекелігі жаман емес. Әзірге астықты дақылдар гектарынан – 15, майлы дәнді-дақылдар – 11 центнерден айналуда. Күзгі орақ науқаны жайлы толығырақ аудан активінің жиынында қаузалды. Өлкеде еңбек өнімділігін арттыру үшін егістік жерлердің пайдаға жаратылуына ерекше назар аударылып келеді. Мәселен, былтыр кәсіптен нәсіп таппаған бірқатар диқандардың 2 мың гектарға жуық алқабы тартып алыныпты. Оған қоса, қазір 11 іс соттың қарауында жатқан көрінеді.

Аманбек Махметов – Айыртау ауданы әкімінің орынбасары:

– Исағали” ЖШС қарасты “Қуат-Агро” фирмасы болды. Биыл олардың орнына жаңа инвесторлар келді. Іске кіріскен серіктестік жағдайды бірден түзеді. Жұмысшыларға уақытында жалықа төленеді, салық аударылады. Оған қоса дәнді-дақылдардың шамамен 48%-ны десикация жасалды. Тағы, ауданда проблемалық 2 агроқұрылым болды. Қазіргі уақытта олардың ісі 100%-ға жақсарды.

Бүгінде ауданда 280 шақты агроқұрылым жұмыс істеп тұр. Олардың тек 23-і ғана минералды тыңайтқыштарды қолданады екен.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Бұдан шаруалар жерді тиімді пайдаланбай жатқандығын көруге болады. Алқаптарға минералды тыңайтқыш сіңірмейтін 250-ден аса кәсіпорынға мемлекеттен тиісті жауап қайтарылуы керек. Оның үстіне сіздерде ауыл шаруашылығы бойынша орташа жалақы 81 мың теңгені құрайды. Ал, облыстық көрсеткіш – 95 мыңнан айналады. Осыдан сіздердің облыстық деңгейден төмен тұрғандарыңызды байқаймыз. Мемлекеттен сіздерге субсидия беріледі. Бірақ, көңіл толарлытай жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Жергілікті билік бұл шаруаны бақылаусыз қалдырған.

Жиын барысында Құмар Ақсақалов агроқұрылым жетекшілеріне мал басы мен жалақыны арттыруды тапсырды. Тағы, ет пен сүт өнімдерінің экспортын ұлғайтуды жүктеді. Бұл экономиканы дамытып, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартпақ.

Култанов Байболат