Денсаулық сақтау

51 мың теріскейліктің әлеуметтік дәрежесі айқындалуда

2020 жылдан медициналық көмектің барлық түрін алу құқығына – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарнаны үздіксіз аударатын тұрғындар ғана ие болады. Қазір 216 мың солтүстікқазақстандық еңбекпен қамтылған жан ретінде танылып, олардың атынан жұмыс берушілері ай сайынғы жарналарын аударып келеді. Дегенмен, 51 мың жерлесіміздің әлеуметтік дәрежесі әлі анықталмаған.

Өткен жылдың 2-ші тоқсанынан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары еңбекке қабілетті жерлестеріміздің дәрежесін айқындау жұмыстарын бастап кеткен. Нәтижесінде 216 мың солтүстікқазақстандықтың өңірдегі түрлі мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік ұйымдарда қызмет ететіні анықталыпты. Қазіргі таңда тағы 51 мың теріскейліктің әлеуметтік дәрежесін анықтау шаралары жүргізіліп жатыр.

Ринат Елжасов – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Атқарылған шаруаның арқасында 165 мың тұрғынның әлеуметтік статусы нақтыланды. Жерлестеріміздің бір бөлігі өздерінің еңбек қатынасын заңдастырып, медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы атанды. Тағы 16 мың теріскейлік “нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” жобасына қатысуға өтініш білдірді. Мұндай азаматтарымызға мемлекеттің жеңілдетілген несиесі берілді. Олар қазір өз істерін бастап кетті.

Тұрғындардың әлеуметтік дәрежесін анықтау үрдісінің жүргізілуі бекер емес. Өйткені 2020-шы жылдан елімізде біріңғай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі өз жұмысын бастамақ. Сондықтан, отандастарымыз осы бастан алдағы медициналық қызметтер үшін ай сайын қаржы аударуы тиіс. Ал бұл жаңашылдық күшіне енгенге дейін облыстағы жұмыссыз тұрғындардың статусын анықтау қажет.

Мұрат Жәкенов – СҚО міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бөлім басшысы:

– Жүйе отандастарымызға медициналық көмектің 2 түрін ұсынады. Біріншісі бойынша, медициналық көмектің кепілдендірілген түрі барлық санаттағы азаматтарға көрсетіледі. Ал, екіншісіне дәрігер қабылдауы, ота жасау мен өзге де медициналық қызмет түрлері кіреді. Сондықтан, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аудармаса, кепілдендірілген медициналық көмекке ғана үміт алады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға сәйкес, 14 санаттағы тұрғындарға жарна мемлекет есебінен төленетін болады. Бұл дегеніміз шамамен 10 млн-дай қазақстандықты қамтымақ.

Бахыт Садвокасов