Мәдениет

20-шы облыстық тілдер фестивалі ашылды

Салтанатты шара “Мағжан үні” театрландырылған қойылымымен ашылды. Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек залға жиналғандар мен елордадан келген меймандарды Қазақстан халқының тілдері мерекесімен құттықтады. Фестиваль аясында тіл дамыту саласында талмай еңбек етіп, ана тіліміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан азаматтарға арнайы марапаттар табысталды. Қошеметке бөленгендердің бірі – Петропавл қалалық білім бөлімінің әдіскері Гауһар Темірбаева.

Гауһар Темірбаева:

-Мектеп кезінен мұғалім болуды армандадым. Жалпы, білім беру саласында үлкен мақсаттар тұр. Біз осы бағытта жұмыс істейміз.

Сонымен, байқауға да кезек келді. Сахна төріне еліміздің мықты деген 16 көркем сөз оқу шебері шықты. Олар екі кезең бойынша бақтарын сынайды.

Айдос Әбдіқалықов:

– Бүгін біз Тілдер фестивалі аясында Қызылжар өңірінде Абай атындағы көркем сөз оқу шеберлігі байқауын өткізіп отырмыз.

Бірінші болып сахнаға Маңғыстау облысының тумасы Арғын Қосай шықты.

Арғын Қосай:

– Сайысқа 2 ай көлемінде дайындалдым. Ең алдымен, іріктеу кезеңінен өттім. Кейін республикалық сайысқа жолдама алдым. Петропавл халқы қонақжай екен. Бізді жақсы күтіп алды.

Абай атындағы көркем сөз оқу байқауы өткен жылы Павлодар қаласында өткен.

Молдир Макишева