Мәдениет

С.Мұқанов атындағы қазақ театры балалар маусымын ашты

Балғындар үшін есік әрдайым ашық! Бүгін С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры балалар маусымының тұсауын кесті. Кішкентай көрермендерге театр труппасы американдық мультфильм желісімен сахналанған “Ойыншықтар оқиғасы” ертегісін ұсынды.

Эндрю Стентонның “Ойыншықтар оқиғасы” экранға алғаш 1995 жылы жол тартқан болатын. Бүгінде американдық бұл мультфильм әр балаға жақсы таныс. Енді міне, Ковбой Вуди, робот Басс және тиранозавр Рекс сынды әйгілі кейіпкерлер облыстық қазақ сазды-драма театрының сахнасында қазақша сөйлеп тұр. Кезекті маусымның ашылуын мәдениет ошағы кішкентай көрермендерге арнап отыр.

Фархад Молдағали – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының бас режиссері:

– Қазір компьютер, телефон билік етіп тұрған заманда ойыншықтар, олардың балалар өміріндегі маңызын көрсету мақсатымен сахналап отырмыз. Біз өзіміздің басты көрермендеріміз жайлы ұмытып кетіп жатамыз. Сондықтан, биылғы маусымды балаларға арнап отырмыз. Ертең “Шолпанның күнәсі” қойылымымен ересектер маусымын ашамыз.

Күлкілі әрі ыңғайсыз жағдайларға толы туындының, бастысы, тәрбиелік мәні зор. Ойыншықтарға жан бітіретін бұл шетелдік ертегі зал толы балабақша тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушыларын бей-жай қалдырмады. Бірақ актерлердің сөзінше, балалар – өте қиын аудитория. Олардың көңілін аулау үшін сахнада біраз тер төгу керек.

Нұрбол Асқаров – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актері:

– Бұл жандарға “кішкентай” деп бей-жай қарауға болмайды. Олардың да талғамдары бар. Балаларға шоу керек, бұрынғыдай қасқыр және қоянмен оларды таң қалдыру мүмкін емес.

Ертегінің соңында әрине әділдік орнап, жақсылықтың алдында зұлымдық тізе бүкті. Ал кейіпкерлер, олардың мінез-құлықтары мен іс-әрекеттері кішкентай театр көрермендеріне керемет әсер еткен.

– Маған Басс роботы ұнады.


– Өрмекші адам өте күшті. маған өте ұнады.

– Ойыншықтар оқиғасы” балақайлардың назарына кезекті рет қыркүйектің 25-інде ұсынылады.

Саят Ермек – тілші:


– Сондай-ақ биылғы маусымда С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры актерлері балақайларға арнап тағы 2 қойылым әзірлемекші.
Қандай? Әзірге белгісіз.

Саят Ермек