МТРА жаңалықтары

Петропавлда қайырымдылық сенбілігі өтеді

Қазыналы қарттарымызға қолдау көрсетілмек! Аға буын өкілдеріне көмек таныту мақсатында Петропавлда қырқүйектің 15-інде қайырымдылық сенбілігі өтеді. Оған ат салысқан жергілікті ұйым қызметкерлерінің 1 күндік жалақысы қариялар мен мүгедек жандарға қолдау көрсетуге бағытталмақ.

 

–  Осы сенбіде Петропавлда дәстүрлі қайырымдылық сенбілігі өтеді. Оған ұйым қызметкерлерімен қатар, кез-келген жанның қатысуына мүмкіндігі бар. Осылайша жерлестеріміз қаламызды күл-қоқыстан тазартады. Және де ардагерлер мен мүгедектерге өздерінің көмектерін көрсете алады.

Мұндай сенбілік облыс орталығында жылына 2 мәрте өтеді. Оған теріскейліктер белсенді түрде қатысып, игі шаруаға өздерінің үлестерін қосып жүр.

–  Мен бұл сенбілікке қатысамын. 1 күндік жалақымыздың қарттарға берілгендігіне қарсы емеспін.


–  Өзім Қызылжар су серіктестігінде жұмыс істеймін. Бұл шараға әріптестеріммен бірге қатысатын боламыз. Осылайша қарттар мен мүгедектерге көмек көрсеткіміз келеді.

Айта кетейік, сенбілік барысында ұйым қызметкерінің 1 күндік жалақысы арнайы шотқа аударылып, қарттар мен мүгедектерге көмек көрсетуге жұмсалады.

Әдия Ахметова – облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:


–  Бір күндік жалақы аударылады. Қаржының жартысы ұйымда қалып, сол мекеме ардагерлеріне беріледі. Ал, қалған сомма облыстық ардагерлер кеңесі шотына жіберіледі.

Кейін, бұл ақшаны облыстық ардагерлер кеңесі өңіріміздің аға буын өкілдеріне үлестіреді. Сенбілікке ұйым қызметкерлерінен бөлек, жастар да қатыса алады. Оларға жауапты жұмыс жүктеліп отыр. Шара барысында өңіріміздің белсенді ұл-қыздары зейнеткерлердің аулаларын тазалап, үйлерін қысқы маусымға әзірлемек. Көмек қолын созуға теріскейлік жастар қарсы емес.

Аружан Жасұланқызы – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:


– Ата-әжелерге міндетті түрде көместесу керекпіз. Өйткені, олар біздің қолдауды қажет етеді.

Жалпы, былтыр қайырымдылық сенбілікке 150 мыңдай адам қатысыпты. Жерлестеріміз 80 млн теңгеге жуық ақша жинаған. Ол қаражатқа 90 мыңнан аса теріскейлік ардагер мен мүгедекке материалдық көмек көрсетілді.

Байболат  Култанов