ТЖ

Петропавлда бесқабатты үйден өрт шықты

Кеше кешкі сағат 17:20 шамасында облыс орталығындағы Алтынсарин көшесінде орналасқан бес қабатты үйден өрт шықты. Оқиға орнына 5 минуттың ішінде жеткен құтқарушылар жарты сағатта қызыл жалынды толықтай ауыздықтады. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Дегенмен, екі бөлмелі пәтердегі мүлік толықтай дерлік жанып кеткен.

5-ші қабаттағы пәтердің өрттеніп жатқанын бірінші болып, 28 жасар Руслан Тюменов байқап, бірден 101 нөміріне хабарласқан. Кейін жігіт қара түтінге қарамастан, өрт шыққан баспанаға кіріп, пәтерде жалғыз қалған 10 жасар баланы құтқарып қалды.

Руслан Тюменов:

– Көліктен шыққан кезде әйнектің сынған шытырын естідім. Жан-жағыма қарасам, 5 қабаттағы пәтердің бірі қызыл жалынға оранып жатыр. Бірден қолыма ұялы телефонымды алып, өрт сөндіру бөліміне хабарластым. Содан кейін, баланың пәтердегі әйнекті ашып, тұншығып жатқанын көрдім. Мен үйге жүгіре кіріп, жеткіншекті сыртқа шығардым.

Алтынсарин көшесіндегі 164-ші бесқабатты үйдегі өрт шамамен кешкі 5-тер шамасында тұтанған екен. Қызыл жалын 2 бөлмелі пәтердің ас үйден бастау алып, 22 шаршы метр ауданды шарпыған. Салдарынан, үйдің ішіндегі жиһаз, тұрмыстық заттар жанып, күлге айналды. Бірақ, өрттің себебі әлі де анықталып жатыр.

Руслан Құдайбергенов – СҚО бойынша өрт сөндіру қызметінің жедел құтқарушысы:

– Сағат 17:31-де 101 нөміріне өрт туралы хабар келіп түсті. Құтқарушылар оқиға орнына 5 минутта жетіп, 23 тұрғынды қауіпсіз жерге шығарып үлгерді. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды 20 минуттың ішінде ауыздықтады. Апат тіркелген учаскеде бірінші және үшінші өрт сөндіру бөлімдерінің 16 құтқарушысы жұмыс істеп, 6 техника жұмылдырылды.

Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Тұрғындардың барлығы дін аман. Жерлесіміз құтқарып қалған жеткіншектің де жағдайы жақсы.

Альмира Жетписбай