Аптадағы маңызды жаңалықтар

183 теріскейлік отбасы апаттық үйлерде тұрып жатыр

Бүгінде қала бойынша 183 отбасы апаттық үйлерді паналап келеді. Олардың барлығы қазір, жаңа пәтерге қол жеткізу үшін кезекте тұр. Алайда, баспаналардың кейбірі бүгін-ертең құлайын деп тұр.

 

Қожаберген жырау көшесіндегі 24-ші үйдің тұрғындары осымен 5 жылдан астам уақыт жандарын шүберекке түйіп, өмір сүріп келеді. Өйткені, баспана қабырғасының бір бөлігі құлап, төбесі түсіп кеткен. Тіпті цементтен құйылған іргетастың өзі ылғалға шыдас бермепті. Валентина Колмакова бұл үйді 22 жыл бойы паналап келеді. Қазір бірінші подъезде нәзікжанды жалғыз тұрады екен. Қалған 3 пәтерді кәсіпкер сатып алып, дәмхана ашқан. Алайда, 2011 жылы орын алған өрттің салдарынан қазір нысан қаңырап бос тұр. Қала тұрғыны үйін жылытуға қанша тырысқанымен, қысқы уақытта температура – 10 С-ге дейін төмендейді екен.

Валентина Колмакова:


–  Бірнеше жыл бұрын жертөлемізді су басты. Қайдан келгені белгісіз. Бұрын мұнда картоп, көкеністер мен тұздалған үй тағамдарын сақтайтынмын. Қазір оларды тіпті пәтер ішіне қоюға келмейді. Қыс кезінде еденде тұрған картоп бүлініп, банкаларым жарылып қалды. Үйде пима киіп жүретін болдық. Бұл кәдімгі өмір үшін күрес секілді.

Тұрғындар қыста боран мен аязды күндерден, жазда қатты жел мен жаңбырдан үрейленеді. Себебі, үйдің төбесі де тесілген. Сөйтіп, жаңбыр жауса, су пәтерлерге де кіреді екен. Бұл – тұрғындардың басына түскен проблемалардың тек бір парасы ғана. Жауын-шашын өткен сайын, аула да суға толатын көрінеді.

Валентина Чован:


–  Біздің қатынауымыз қиындағаны былай тұрсын, кәріздік жүйені соруға келетін техниканың өзі өте алмай қалады. Мамандар алдағы уақытта бас сұқпайтындарын айтты. Ал, мына Пестрое көлі маңындағы көпірді сала бастағаннан бері, орам алдындағы көлден көз ашпайтын болдық. Біздің үйлерімізде орталықтандырылған жылыту жүйесі жоқ. Әрбіреуіміздің баспанамызда пеш орнатылған. Ал, оған қажет отын-көміріміз судың кесірінен жарамсыз болып қалуда.

Тұрғындар аулаға жиыналатын суды көпірдің құрылысымен байланыстырып отыр.

Әмір Кәрімбаев – “ҚазАвтоЖол”ҰК” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– Бізге ешкім шағым түсірген жоқ. Оған қоса, жобаны жаңбыр суының төмен қарай ағуын қарастырып, жасаған болатынбыз. Алайда, тұрғындардың көңілі орында болуы үшін мердігерлермен бірге тағы бір шараны қарастыратын боламыз. Осылайша, су тұрғын үйлерге ақпайтын болады.

Жалпы, баспана 64 жыл бұрын тұрғызылған екен. Қазір мұндағы пәтер иелері үй алу үшін кезекте тұр.

Эльмира Смағұлова – Петропавл қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнiң сектор меңгерушісінің м.а.:


–  Апаттық деп танылған баспаналардың иелері тек жалға берілетін пәтерлерге қол жеткізе алады. Алайда, бұл санаттағы қалалықтар үшін үйлер салынып жатқан жоқ. Үстіміздегі жылдың соңына дейін де тізімде тұрғандарға жаңа баспана берілмейді.

Бүгінде апаттық деп танылған үйлердің 183 тұрғыны жаңа пәтер алуға кезекте тұр.

Эльмира Садвокасова