МТРА жаңалықтары

Кәсіпкерлік және тұрғындарды жұмыспен қамту жайы сөз болды

Бескөл ауылында Нұр Отан партиясы облыстық филиалы комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Онда кәсіпкерлікті дамыту мен тұрғындарды жұмыспен қамту жайы сөз болды. Нақтырақ айтсақ, жиында Қызылжар, Есіл және Аққайың аудандарында атқарылып жатқан жұмыс жайы сөз болды.

Алдымен, Нұр Отан партиясы жергілікті филиалы комиссиясының көшпелі отырысында Аққайың ауданындағы кәсіпкерлікті дамыту жайы қаузалды. Соңғы мәліметке сүйенсек, аталған өлкеде 770 салық төлеуші тұрады. Олардың ішінде шағын бизнесмендердің үлесі басым. Биыл өз істерін бастаған жандардың қатары 431-ке жетіпті. Жыл соңына дейін маңдай терімен табыс тауып жүрген жерлестеріміздің саны ұлғая түспек.

Евгений Остертак – Аққайың аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Шамамен желтоқсан айында ауданымызда “Фанерная компания” серіктестігі өзінің жұмысын бастамақ. Аталған кәсіпорын қайың ағашынан құрылысқа қажетті қабыршақ, яғни фанер әзірлейтін болады. Айта кетейік, қазір Қазақстанда мұндай өндіріс ошағы тек 1-еу ғана. Сол себепті теріскейдегі цехтын өніміне сұраныс болары сөзсіз. Тағы, “Мол-ТД” кооперативі түрлі сүт өнімдерін шығармақ.

Бұдан бөлек, жиын барысында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы несиелендіру жайына да тоқталды. Евгений Остертактің айтуынша биыл “Жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы арқылы 16 өтініш мақұлданып, тұрғындарға 67 млн. теңгенің қаржылай қолдауы ұсынылыпты. Тағы, маман елді-мекендіктерді жұмыспен қамту мәселесін де сөз етті. Бұл ретте аққайыңдықтар “Бизнес-бастау” жобасы аясында жұмыс істеп жатыр.

Евгений Остертак – Аққайың аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Биыл “Бизнес-бастау” жобасы аясында 160 адамды оқытуды жоспарлап отырмыз. Қазір олардың 87-сі оқуды аяқтады. Осылайша қазір жоспар 54 пайызға орындалып тұр. Бұл жандардың 6-на өздерінің кәсіптерін ашу үшін мемлекеттен 30 млн. теңге несие берілді. Енді, жақында тағы 29 жерлесіміз курстардан өтпек.

Бөлік басшысы саладағы өзекті мәселелерге де тоқталды. Әсіресе, қаржы ұйымдары аудандағы тұрғындардың жылжымайтын мүлкін арзан бағалап, несие бермейтін кездері жиі болады екен. Тағы, 1-2 айдан бері өңірдегі іскер жандар “Жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында мемлекеттен көмек ақша ала алмапты. Енді, бұл проблема шешімін тапты. Қазір жерлестерімізге біртіндеп несие беріле бастаған.

Серік Ахметбеков – Аумақтық жұмыспен қамту және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау комиссиясының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты:


–  Ақша беріліп жатыр. Ол кәсіпкерлерге үлестірілетін болады. Қаржының жалпы соммасы 1 млрд теңгеден асады.

Сонымен қатар, жиында Есіл және Қызылжар аудандық кәсіпкерлік бөлімдерінің басшылары да атқарылып жатқан істі баян етті. Айта кетейік, алдағы уақытта Нұр Отан партиясы облыстық филиалы комиссиясының көшпелі отырысы басқа аудан орталықтарында да өтпек.

Байболат  Култанов