Аптадағы маңызды жаңалықтар

Әуежайға баратын жол жөнделіп жатыр

Бүгінде облыс орталығын Петропавл халықаралық әуежайымен байланыстыратын тас жол қалпына келтіріліп жатыр. Жалпы ұзындығы 5 шақырым болатын трассаны жөндеу үшін республикалық бюджеттен 900 млн. теңгеден астам қаржы бөлініпті.

 

– Әуежайға баратын бұл жол 1970-ші жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. 5 шақырымды құрайтын трассаны қалыпқа келтіру жұмысы мамыр айында басталған болатын. Қазіргі таңда шаруаның 90 пайызы аяқталып қалды.

Қалыпқа келтіру шараларының барысында жолдың екі жақ жиегі 1 метрге дейін кеңейтілген. Бұрын трассаның ені – 7 метр болса, қазір 9 метрді құрайды. Бұл – көліктердің емін-еркін қозғалуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ескі шамдар жарық диодты қуат көздеріне алмастырылып жатыр. Барлығы жолды жағалай 179 баған орнатылмақ.

Ғалым Тасболатов – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

– Биыл Қазақстан мен Ресей арасында өңіраралық ынтымақтастық форумының өтетіні белгілі. Оның аясында біздің өңірімізде алдын-ала бірқатар жұмыстар жүргізілді. Солардың бірі – әуежайға апаратын жолды қалыпқа келтіру. Күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 919 млн бөлінген болатын. Қазір шаруа аяқталуыға таяды.

Қалыпқа келтіру жұмыстарымен елордалық “Kazpaco” серіктестігі айналысып жатыр. Шаруаны мерзімінде еңсеру үшін нысанға 120 маман тартылған. Мердігер жолдың сапасына 3 жыл кепілдік береді.

Руслан Миниахметов – “Kazpaco” ЖШС жоба жетекшісі:


– Мамыр айынан бері мұнда біраз шаруа тындырылды. Мәселен, трассаға 2 қабатты тас жол төселді. Сондай-ақ, жолдың жиегіне 500 метрге созылған қоршау орнатылды. Енді бұл жерде тек абаттандыру жұмыстарын аяқтау ғана қалды. Жөндеу жұмыстарына біздің мамандарымызбен қатар, жергілікті қызметкерлер де тартылған болатын.

Нысандағы шаруа қыркүйек айының соңында толықтай аяқталмақ. Айта кеткен жөн, биыл облыстық маңызы бар жолдарда орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 15 млрд. теңге қаржы бөлінген екен.

Молдир Макишева