Құқық қорғау органдары

Террористік тұрғыдан осал нысандардың қауіпсіздігі – назарда

Террористік тұрғыда осал нысандардың қауіпсіздігі – ерекше назарда. Өңірдің тәртіп сақшылары мемлекеттік мекемелерді, стратегиялық маңызы бар нысандарды тексеру шараларын жалғастыруда. Осылайша, жыл басынан бері 19 ғимараттан түрлі олқылық табылған.

 

Мемлекеттік органдар, бюджеттік ұйымдар, су қоймалары. Жыл басынан СҚО ІІД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы террористік тұрғыда осал болуы мүмкін 300-ден астам нысанды тексерген. Нәтижесінде 19 ғимаратта бірқатар олқылықтар анықталыпты.

Спартак Қабденов- СҚО ІІД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары:


– Бүгінде 19 нысанның әкімшілігі талапты сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бейне камералары дұрыс жұмыс істемеген. Қарамағындағы қызметкерлермен дұрыс жұмыс жүргізілмеген. Оларға олқылықты түзетуге 30 күн беріледі.

Бұл талапты орындамағандар заңбұзушылықтың түрлеріне қарай 100-ден 500 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуге міндеттеліпті. Сондай-ақ, бір жылдың ішінде ережені бірнеше рет бұзғандардың жұмысын заң жүзінде 3 айға дейін тоқтату қарастырылған.
Айту керек, өңірімізде терроризм актісі туралы жалған хабар беру фактілері де азаяр емес. Жыл басынан осыған қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалыпты.

Спартак Қабденов-СҚО ІІД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары:


– Жыл басынан жалған хабар берудің 8 фактісі тіркелді. Заңбұзушылардың барлығы анықталды. Бірнешеуі бас бостандығынан айрылды. Жүйке ауруларымен ауыратындар емдеу мекемелеріне жіберілді. Тағы да бірқатар қылмыстық істер өндірісте жатыр. Олар бойынша тергеу шаралары жүргізілуде.

Терроризм актісі туралы жалған хабар берген жандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Берік Қасен