Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да көмірдің бағасы бірқалыпты

Теріскейлік көмір тасымалдаушы кәсіпорындар қара отынның бағасын негізсіз шарықтатып жіберді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Облыстағы 34 темір жол тұйығының барлығында көмір былтырғы бағамен саудалануда.

 

Солтүстік Қазақстанда көмірдің бағасы негізсіз шарықтап кеткені туралы хабар бірнеше ақпараттық агенттіктер мен әлеуметтік желілерді шарлап, жерлестеріміздің наразылығын тудырған еді. Бірақ, бұл ешқандай фактілерге негізделмеген қауесет болып шықты. Теріскейде шұбаркөлдік көмірдің 1 тоннасы 17 мың теңгеден сатылып жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды дейді қара отынды тасымалдаушылар.

Саят Ермек – тілші:


– Теріскейлік көмір жеткізуші кәсіпорындар биылғы жылы бағаны былтырғыдай ұстаймыз, көтермейміз деп уәде беріп отыр. Мәселен, “Тұрдыоглы” ЖК тиесілі темір жол тұйығында Шұбаркөлден келетін қара отынның бір тоннасы 14100 теңгеден саудалануда.

Қазір мұнда 3 мың тоннадан астам Шұбаркөл көмірі жатыр. Отын, әрине, тағы жеткізілетін болады. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, биыл теріскейліктер жылыту науқанына ертерек қамдануда. Жерлестеріміз жаз басталысымен көмір сатып ала бастаған.

Мұратхан Тұрмұхамбетов – “Тұрдыоглы” ЖК менеджері:


– Көмір кестеге сай келіп жатыр. Ай сайын 7-8 мың тоннадан жеткізіледі. Биыл маусымнан бастап халық сатып ала бастады, былтыр тамызда белсенділік танытқан еді.

Облыс орталығы бойынша да жағдай қалыпты. Қауырт маусымда шаһарлықтар қара отынның шамамен 30 мың тоннасын жағады екен. Бізде көмірдің 4 түрі сатылады. Қалтаның қалыңдығына қарап, таңдау жасауға болады. Бірақ баға сол қалпы.

Анатолий Мишин – Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі:


– Майкүбілік көмірдің бір тоннасы 12 мың, Екібастұздікі 8,5 мың теңге тұрады. Ал Қаражыра мен Шұбаркөллден келетін көмірдің мың келісі 14 мың – 14 мың 100 теңгеден саудаланып жатыр.

СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасындағылар да биыл былтырғыдай ұзын сонар кезектер болмайды деп сендіріп отыр. Себебі, өңірге көмір уақытылы, әрі қажетті көлемде жеткізіліп жатыр. Сондықтан, халықтың да, бюджеттік мекемелердің де сұранысын қамтамасыз етуге қауқарымыз бар дейді.

Айдархан Мусин – СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

– Бюджеттік мекемелер үшін 146 мың тонна көмір керек. Бұл қажеттілік бүгінде 100 пайызға қамтылды. Тұрғындарға 384 мың тонна қара отын керек. Қазір 230 мыңы дайындалған. Барлық тұйықтарда көмірдің барлық маркалары бар. Баға өсімі байқалған жоқ.

Былтыр ауызжаласып, қара отынның бағасын шарықтатып жібергені үшін облыстық монополияларды реттеу агенттігі үш бірдей көмір тасымалдаушы кәсіпорынға шамамен 20 млн. теңгенің айыппұлын салған. Сондықтан, бағаны шамадан тыс өсіріп жіберу жеткізуші компанияларға кейіннен қымбатқа түсуі мүмкін.

Саят Ермек