Энергетика

Қала көшелерінде шамдар ауыстырылып жатыр

Облыс орталығын абаттандыру мақсатында биыл 9 көшедегі жарықтандыру жүйесі жаңартылады. Бүгінде бірқатар аудандардағы ескірген қуат көздері жарық диодты шамдарға ауыстырылған. Бұл шаруаға республикалық қазынадан 1,6 млрд. теңге бөлінді. Одан бөлек, шаһарымыздың 6 көшесіндегі кей учаскілер және 13 аулаішілік шам бағандары да жаңаларына алмастырылып жатыр.

 

Қазір Смирнов көшесінен бастап Сәтпаевқа дейінгі Интернационал көшесі бойындағы барлық жарық көздері диодты шамдарға алмастырылуда. Бұлар жоғары қысымды натрий шамдарына қарағанда электр қуатын бірнеше есеге үнемдеуге мүмкіндік береді. Оның үстіне, әлдеқайда жарық. Себебі, 1 бағанаға 3 бірдей шам орнатылып жатыр.

Виталий Плаксин – “АСБ Электромонтаж” ЖШС инженері:


– Бұрынғы 256 тіректің орнына, 147 баған орнаттық. Биіктігі – 11 метр. Ал олардың арақашықтығы 40 метрді құрайды. Сондай-ақ, аталған бағандардың артық сымдары жоқ. Мына учаскеде 4 бригада жұмыс істеп жатыр. Әрқайсыларының өздеріне бекітілген тапсырмалары бар.

Бұл заманауи қондырғылар Ресей елінен жеткізіліпті. Мамандардың айтуынша, олардың қызмет ету мерзімі де ұзақ. Ұқыптап ұстаса, 10 жылға дейін қолдануға болады екен. Сондай-ақ, орнатылып жатқан әр шамның өз нөмірі бар. Осылайша, сыртқы жарықтандыру жүйесін алыстан басқаруға болады.

Виталий Плаксин – “АСБ Электромонтаж” ЖШС инженері:

– Осы нөмірлер арқылы қай жерде қандай ақаудың орын алғанын білуге болады. Кейін мамандар компьютер арқылы олқылықты жоя алады. Аталған жұмысты “Горсвет”серіктестігі бақылап отырады.

Бүгінде жарықтандыру жұмыстары шаһарымыздың 9 көшесінде жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта республикалық қазынадан 1,6 млрд теңге бөлінген екен. Ал 6 көшенің кей учаскілері мен 13 аулада жарық жүйесін ауыстыру үшін қалалық бюджеттен 19,6 млн. теңге қаржы қарастырылыпты.

Әсем Айтолла – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Қазіргі таңда қала бойынша 1264 жарық шам мен 826 бағана орнатылды. Аталған шаруаны 4 мердігер компания жүзеге асырып жатыр.

Алайда, кей қалалықтар бұл игі шаруаның тым сылбыр жүріп жатқанына наразы. Мәселен, Интернационал көшесінің бойындағы шамдар мамыр айынан бері ауыстырылып жатыр. Сыртқы жарықтандыру жүйесі сол уақыттан бері жұмыс істемей тұр.

– Жарықсыз қиын болып түр. Әсіресе, түнгі уақытта қиындық тудырады. Ал жалпы, ортада орнатылғанын көрдік. Жақсы екен.

– Кешке көшеде жүру мүмкін емес. Жарықтың қосылуын күтіп жүрміз.

– Қаламызды жарықтандырып жатқаны қуантарлық жайт. Бірақ біздің жақта жаз бойы қуат көзі болған жоқ. Тезірек қосса екен.

Көпке шыдаған жерлестерімізге азға да төзуге тура келеді. Мамандар қала бойынша жарықтандыру жұмыстарын қыркүйек айының соңында толығымен аяқтамақшы.

Молдир Макишева