ТКШ

Петропавлдықтардың “Қызылжар су” серіктестігі алдындағы қарызы азаюда

Осы күндері 400 петропавлдықтың “Қызылжар су” серіктестігіне берешегі бар. Олардың кәсіпорын алдындағы борышы 10 млн теңгені құрайды. Өткен жылдан шаһарды сумен қамтушы мекеме осындай тұтынушыларға нақты шара қолдануды қолға алыпты.

 

Бұл – “Береке” шағын ауданындағы Досмұхамбетов қысқа көшесі 9 мекен жайында орналасқан баспана. Жаңадан бой көтерген тұрғын үйдің кей пәтер иелерінің “Қызылжар су” серіктестігі алдында қомақты қарыздары бар. Кәсіпорын қызметкерлері бұған дейін берешегі барларға сан мәрте ескерту жасаған екен. Бірақ кейбірі оларға құлақ асар емес. Бұндайда серіктестік мамандары “ОБК-9” қондырғысын қолданады. Құрылғы борышкерлердің кәріздік жүйесін бекітуге арналған. Шатырға мініп, осындай қондырғының бірін орнатқан соң, серіктестік мамандары борышкердің есігін қағып, қарызды өтеу керектігін айтты.

Шаһарды тіршілік көзімен қамтушы мекеме көпқабатты баспаналарда кәріздік жүйені бекіту амалдарын соңғы бірнеше жылда қолданып жүр. Содан бері тұтынған судың ақысын өтемейтіндердің саны біршама қысқарыпты.

Бауржан Тәжин – “Қызылжар су” ЖШС тұтынушылармен жұмыс жүргізу бойынша бас маманы:

– 2017-ші жылдан бастап осы жобаны іске қостық. Күнделікті берешегі бар мекен-жайларға барамыз. Камерасы бар құрылғы көмегімен қарызы бар тұтынушының кәріздік жүйесін бекітіп тастаймыз. Тиімді әдістің бірі. Осының арқасында борышкерлер саны қысқарды.

Осы күні “Қызылжар суға” қала бойынша 400 баспана иесі берешек болып қалған. Олардың кәсіпорын алдындағы қарызы 10 млн теңгені құрайды.

Нұргүл Самалықова -“Қызылжар су” ЖШС тұтынушылармен жұмыс жүргізу бойынша бөлім басшысы:

– Серіктестікке қарызы бар тұтынушылар бар. Олармен жұмыс жүргізудеміз. Ескертуге құлақ аспағандарға нақты шара қолданамыз. Кәріздік жүйені бекіту амалын 350 абонетке қолданып үлгердік.

Бүгінгі таңда “Қызылжар су” серіктестігінің қызметтерін 87 мыңнан астам тұтынушы пайдаланады.

Бахыт Садвокасов