МТРА жаңалықтары

Астана-Абай көшелерінің қиылысындағы бағдаршам қайта іске қосылады

Абайлаңыз, бағдаршам жұмыс істемей тұр! Осымен екінші айдың жүзі қаладағы Абай және Астана көшелерінің қиылысындағы жол қозғалысын реттейтін құрылғы өзінің тікелей қызметін атқармай келеді. Тұрғындар да, жүргізушілер де өз өмірлері мен темір тұлпарларының қауіпсіздігі үшін алаңдап отыр.

 

Саят Ермек – тілші:


– Бұл Интернационал және Астана көшелерінің қиылысы. Күн ұзаққа мұнда адамдар да, көліктер де өте көп қатынайды. Сондықтан бағдаршам еш кедергісіз, мүдірмей жұмыс жасайды және дабыл қосынымен де жабдықталған. Сәйкесінше, өмірің үшін еш алаңдамай, жолды сенімді кесуге болады. Ал көршілес қиылыстағы жағдай мүлде басқаша. Мұнда жолды кесіп өту өмір үшін қауіпті. Себебі, бағдаршамның қызыл, сары әрі жасыл түстері жанып тұрған жоқ.

Мына жол қиылысындағы қозғалысты реттейтін бағдаршамның сөніп тұрғанына шамамен екі ай болған. Жақын маңда базар, мектеп бар. Сол себепті бұл ауданда көлік те, адам да көп жүреді. Қозғалыс күшейген уақытта оны тәртіп сақшылары реттейді. Бірақ, күн ұзағына емес. Сондықтан тұрғындар жолды жанымызды шүберекке түйіп кесеміз деп отыр.

– Светофорды істеп бергені, әрине дұрыс. Өте қауіпті реттеушінің белгілерін түсінбейміз.

– Здесь проходить очень неудобно. Хорошо, что есть регулировщик.

– Баламен өте қиын. Бейнетті көптен бері көріп жүрміз. Жолды жүгіріп өтеміз.

Істен шыққан бағдаршамның зардабын шеккендер де бар. Жексенбі күні таңғы сағат 7-лер шамасында мұнда Лексус және Тойота көліктері соқтығысып қалған. Апаттың салдарынан соңғысы тұмысығымен жақын маңда тұрған сауда дүңгіршегіне кіріп кетіпті. Абырой болғанда жапа шеккендер жоқ. Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін маңызды құралдың осынша уақыт жұмыс істемей тұрғанына қала бойынша жаңа жарық бағандарының орнатылуы себеп болып отыр.

Әсем Айтолла – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Абай көшесінде жарықтандыруды қайта құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта бағаналар орнатылды. Олар арқылы бағдаршамдарға электр қуаты беріледі. Жұмыстар қыркүйектің 14-інде аяқталады, осы уақытта бағдаршамдар іске қосылалды.

Бұл қиылыстан өзге жол тораптарының барлығында бағдаршамдар өз жұмысын еш кедергісіз атқаруда. Оларды жаңарту да қолға алынған. Жазда Петропавл бойынша 12 қиылыста жаңа, заманауи бағдаршамдар орнатылса, қыркүйекте тағы 6 қиылыстағы ескірген құрылғыларды ауыстыру көзделіп отыр.

Саят Ермек