Спорт

Жерлес атлет XVIII жазғы Азия ойындарында қола жүлдені еншіледі

Теріскейліктер ел мерейін асырған тағы бір спортшыны қарсы алды. Жеңіл атлет Михаил Литвин XVIII жазғы Азия ойындарында қола жүлдені қанжығасына байлаған болатын. Ел құрамасы сапында жарысқа түсіп, отандастарымыздың сенімін ақтаған саңлақты жерлестері Петропавл халықаралық әуежайында зор қошеметпен күтіп алды.

Әуежайдың күту залына жеңіл атлет Михаил Литвиннің достары, туған-туыстары мен спорттағы әріптестері жиналған. Олар сәлден соң Петропавл халықаралық әуежайына келіп қонатын рейсті тағатсыздана күтуде. Араларында жерлес спортшының бапкері Александр Окованцев те бар. Атлетті қанатының астына алып, бағыт-бағдар берген жаттықтырушысы, шәкіртінің дараланатындығына сенімді болған.

Александр Окованцев – Михаил Литвиннің жаттықтырушысы:


– Михаилды жауапты жарыстарға баптап, дайындап жүргеніме 6 жыл болды. Жеңіл атлетикаға дейін ол футболмен шұғылданған. Жасы небәрі 22-де, сол себептен шәкіртімнің алар асуы мен бағындырар белесі әлі алда деп білемін. Кезекті Азиядаға 1 жыл көлемінде дайындалдық. Алтыннан алқа тағынбаса да, осы жетістігіне көңілім толады.

Көп ұзамай Азиядада ел қоржынына жүлде салған спортшымыз келді. Үкілеп жіберген Михаил үмітті ақтап оралды.

Теріскейлік атлет Джакарта қаласында ұйымдастырылған XVIII жазғы Азия ойындарында, жекелей және топтық жарыста сынға түскен еді. Жекелей тартыста 400 метрлік қашықтықты еңсеруге барын салса да, Михаил мәреге тек 6-шы болып жеткен. Бірақ топтық сайыста жерлесіміз әріптестерімен бірге дәл осы 400 метрлік дистанцияда қола алқа еншіледі.

Михаил Литвин – жеңіл атлетикадан XVIII жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері:


– 4 жылда бір келетін Азия ойындарында қажырлы дайындықтың арқасында жақсы нәтижеге қол жеткіздім. Кіл мықты спортшылармен жарысқа түсу оңайға соқпады. Бар күш-жігерімді жинақтап, жеңіске жетуге талпындым. Маған сеніп, қолдау көрсеткен барша жанкүйерлеріме алғысымды білдіремін.

Алда солтүстікқазақстандық спортшыны маңызды сайыстар күтіп тұр. Оған дейін атлет сәл тынығып, кейін екпінді дайындыққа кіріспек.

 

Бахыт Садвокасов