Құқық қорғау органдары

Табиғатты қорғау заңнамасының орындалуы тексерілуде

Жыл басынан өңір полицейлері табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 550 фактісін тіркеді. Олқылықтардың жартысынан астамында аң-құсты аулау ережелері бұзылған. Облыс аумағында басталған дала құстарын ату маусымына орай, бүгінде тәртіп сақшылары рейд шараларын жандандырған.

Дала құстарына саятшылық құру маусымы қыркүйектің 1-нен бастау алды. Сол күннен СҚО ІІД табиғатты қорғау полициясы бөлімшесіндегілер орман-тоғайлар мен су қоймаларында тексеріс шараларын өткізіп жүр. Шара аясында полицейлер қолына мылтық ұстағандарға техникалық қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, құс атуға рұқсат қағаздарының бар-жоқтығын анықтайды.

Сергей Липко – СҚО ІІД ЖПҚ табиғатты қорғау полиция бөлімшесінің бастығы:


– Өңірімізде мобильдік топтар құрылды. Тәртіп сақшылары тұрғындарға құс аулау ережелерін түсіндіреді. Сондай-ақ, жол бекеттерінде күдік тудырған жүргізушілердің көліктерін тексереміз.

Рейдтің алғашқы күндерінен-ақ табиғатты қорғау заңнамасына бағынбағандар тіркелген. Мысалы, тәртіп сақшылары Петропавл қаласында ағаш көмірін дайындайтын астыртын зауытты анықтады. Пысықайлар лицензиясыз жұмыс істеп келіпті. Қазіргі таңда аталған іске қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Жыл басынан өңір полицейлері табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 550 фактісін тіркеген. Олардың жартысынан астамы аң аулау ережесін бұзуға қатысты.

Берік Қасен