Денсаулық сақтау

Қыркүйектің 18-інде “Жүрек” күніне орай онкүндік басталады

Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде. Қыркүйектің 18-інен өңірімізде “жүрек” күніне арналған онкүндік бастау алады. Шара қарсаңында Астана қаласының салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары мен жергілікті кардиологтар баспасөз конференциясын өткізді.

Дүниежүзілік «жүрек» күніне арналған онкүндік бүкіл Қазақстан бойынша ұйымдастырылмақ. Оған барша жұртты тарту өте маңызды. Себебі, жылдан жылға жүрек ауруларына шалдығатындардың саны артып барады. Бұрын сырқаттанғандардың көбі егде жастағы адамдар болса, қазір бұл қатарда жастар да аз емес. Сондықтан, медицина саласының қызметкерлері дабыл қағуда.

Мақсат Құдратұллаев – Облыстық кардиологиялық орталықтың эндоваскулярлық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Жылдан-жылға жасалатын оталар саны артып келеді. Бұл дегеніміз сырқаттанғандар да көбеюде.

Кардиологтардың сөзінше, жерлестеріміз сырқаттың бірінші белгілері пайда болғанда ақ халаттылардың көмегіне жүгінуге асықпайды екен. Аурухана тек дерт асқынған жағдайда ғана барады. Осылайша, дер кезінде көрсетілмеген көмектің арты қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы да мүмкін. Медицина саласынының мамандары кез келген аурудың белгілі бір себебі бар дейді. Осы ретте салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді.

Қанат Хамзин – Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының үйлестірушісі, Астана қаласы:

– Салауатты өмір салты, тек спортпен шұғылданумен шектелмейді. Сондай-ақ, дұрыс тамақтанып, теріс әдеттерден аулақ болу қажет.

Дүниежүзілік «жүрек» күніне орайластырылған онкүндік өңірде қыркүйектің 28-і бастау алады. Дәл осы аралықта облыс тұрғындарына арналып кардиологиялық орталықта ашық есік күні ұйымдастырылады екен.

Эльмира Садвокасова