Денсаулық сақтау

Облыс орталығында денсаулық фестивалі өтті

Сенбі күні облыс орталығында денсаулық фестивалі өтті. Шара барысында тұрғындар дәрігерлерге қаралып, холестерин деңгейі мен қан қысымын тексертті. Кейін өзін жақсы сезінген аға буын өкілдері мен жастар марафонға ат салысты.

Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткіштері орналасқан алаңға жиналған халықтың қарасы қалың. Осы жерде денсаулық қалашығы ұйымдастырылып, тұрғындар дәрігерлерге қаралу үшін ұзын-сонар кезекке тұрды.

Дина Нұржанова – №2 қалалық емхананың медбикесі:

– Холестирин деңгейі дұрыс болмаса, біз тұрғындарды учаскелік дәрігерге баруларына кеңес береміз. Холестери́н деңгей жоғары болмау үшін майлы тағамдарды аз жеп, Диета сақтап, көбірек көкөністерді тұтынған абзал.

Көппен бірге дәрігерлерге Татьяна Кирющенко да қаралды.

Татьяна Кирющенко – қала тұрғыны:
– Жұмыс күндері емханаға баруға қолым тимейді. Сондықтан демалыста осындай шараның өтіп жатқанына қуаныштымын. Бүгін дәрігерлерге қаралып, қан қысымын тексерттім. Мамандар бәрі дұрыс дейді.

Денсаулық фестивалі бұнымен шектелмеді. Қалалықтар ақ халаттыларға қаралып болған соң, дене жаттығуларын жасады.

Денелерін әбден қыздырып алған тұрғындар кейін марафонға атсалысты.

Балшекер Сәлімжанова – қала тұрғыны:


–  Жүгіру өзіме ұнайды. Сондықтан марафонға қатысуға келдім. Денсаулық жақсы болу үшін бірнеше қағиданы ұстану керек. Атап айтқанда, спортпен шұғылдану, таза ауада серуенде, дұрыс тамақтану.

Көңілді әрі пайдалы шараға жастар көптеп қатысты. Шара соңында белсенді жерлестерімізге сертификаттар үлестірілді.

Берік Қасен