Энергетика

“СҚ ЭТҚ” АҚ трансформаторлық станцияларды ауыстыруда

Облыстық Электржелістік Тарату Компаниясы 2018 жылдың инвестициялық бағдарламасына 1,5 млрд теңге бөлген. Бұл қаражатқа әуе желілері орнатылып, қаражатқа трансформаторлық станциялар ауыстырылуда.

 

Бұл – жиынтықты трансформаторлық қосалқы станция. Қарапайым сөзбен айтқанда қондырғы Жұмысшы кентін энергиямен қамтып отыр. Биыл мұнда қайта құру жұмысы жүргізілген. Себебі, нысан 87 жылы тұрғызылып, сол уақыттан бері жөндеу көрмепті. Станцияға бүгінде 400-ге жуық абонент қосылған. Олардың барлығында заманауи электр энергиясын есептегіш орнатылыпты.

Александр Елисеев – «Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ қалалық электр желілері басқармасының басшысы:


– Үстіміздегі жылы инвестициялық жоспарға 13 жоба кірді. Оның ішінде кабельді және әуе желілерін ауыстыру, 7 транформаторлы қосалқы станцияны қайта құру бар. М. Жұмабаев, Мамлют аудандарының кей жерлерінде жаңа электр сымдар орнатылды. Бүгінде шаруаның басым бөлігі іске асып, тиісті жоспардан алда келеміз.

Дәл осындай жұмыс тағы 4 қосалқы станцияда жүргізілген екен. Ал, қыркүйек айының соңына дейін бұл тізімге 3 нысан қосылмақ. Осылайша, қала тұрғындарының 40 пайыздан астамы жаңа заманауи жүйеге қосылады. Оның артықшылығы сол – тұрғындар қазір қуаты туралы көрсеткішті диспетчерлерге хабарлап айтудан босатылуда. Әрбір айдың 20-шы жұлдызында бұл ақпарат өздігінен бірден серверге жөнелтіледі екен. Заманауи есептгіш құрылғыда ақау орын алған жағдайда да ол туралы хабар автоматты түрде жіберіледі. Мамандардың сөзінше, жыл сайын бұл жүйедегі абоненттердің саны артатын болады.

Анатолий Мишин – Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті СҚО бойынша департаменті эксперттік кеңесінің мүшесі:


– Жаңадан орнатылған станциялардың сапасы сын көтерерлік. Бұрын сырты ұсқынсыз болса, қазір қала көркін аша түскендей. Әрі оның жұмысы қала тұрғындары үшін де ыңғайлы болмақ. Енді тиісті көрсеткішті диспетчерлерге хабарлап әуре болмайды. Жалпы, жылдан-жылға енгізіліп келетін өзгерістер көңіл қуантарлық.

Жөндеу жұмыстарының барлығына 2018 жылы кәсіпорыннан 1,5 млрд теңге бөлініпті. Қаржының бір бөлігі электр тасымалдау әуе желілерін алмастыруға жұмсалған. Қаламыздың орталығында ұзындығы 6,3 шақырым болатын оқшауланған электр сымдары орнатылыпты. Олар әдеттегі желілерден әлдеқайда берік әрі сапалы. Бұл сымдар арқылы кардиоорталық, 2-ші емхана мен бірқатар жер үйлерге қуат көзі таратылады. Ал, егер бір учаскеде ақау орын алса, тек сол маң ғана энергиядан ажыратылады.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған пресс-тур кол-орталықта аяқталды. Нысан өз жұмысын 2014 жылы бастаған. Мұндағы мамандар күніне 1300-ден астам қоңырау қабылдайды.

Эльмира Садвокасова