Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қызылжар ауданының аграрийлері күзгі өнімді жинап алуға асығуда

Қызылжар ауданының аграрийлері күзгі өнімді ысырапсыз жинап алуға асық. Сондықтан, танап басында шаруа қызған. Бүгінде шаруалар аудандағы егістік алқабының 25 процентіндегі дәнді дақылдарды орып үлгерді. Ауыл шаруашылығы бөліміндегілердің мәліметінше, бүгінгі жаңбыр тыйылып, күн райы жақсарса, Қызылжар ауданынның диқандары астықты осы айдың соңына дейін жинап алады.

“Сервис-Жарс” ЖШС механизаторлары күзгі дала жұмыстарына төрт күн бұрын кіріскен. Қазір танап басында “Сампо Азия”, “Класс” сынды 10 бірлік комбайн жүйткіп жүр. Тағы 15 шақты астық таситын техника жұмылдырылыпты. Өнім жинайтын кешендердің бірін 33 жылдық еңбек өтілі бар Есенбек Жұмабаев басқарып келеді. Механизатордың айтуынша, шетелдік техниканың өнімділігі жоғары. Күнделікті бір өзі 70 гектардағы өнімді еш қиындықсыз жинап жүр.

Есенбек Жұмабаев – “Сервис-Жарс” ЖШС механизаторы:


– Бұл неміс комбайны таза соғады. Биылғы өнімді ысырапсыз жинап алуға жазсын. Бұл компанияға бір жыл бұрын келдім. Еңбек жағдайы, төлейтін жалақысы жақсы.

Осылайша, “Сервис-Жарс” ЖШС әр механизаторы жаз бойына күтіп-баптаған дақылдарын ысырапсыз жинап алуға асық. Өйткені, күзгі ауа райы өңір аграрийлерін қуанта қоймайтын сияқты. Синоптик мамандардың болжауынша, алда жаңбырлы күндер көп күтіледі. Тамызда жауған толассыз жаңбырлардың өзі біраз жұмыстарды кешеуілдеткен. Сондықтан мұндағылар жасымықтан бұрын арпаны жинауға кірісіпті.

Жомарт Омаров – “Сервис-Жарс” ЖШС бас директоры:


– Арпаның ылғалдылығы 19-20 процент. Соған қарамастан жинаудамыз. Өзіміздің кептіргіштеріміз бар. Құрғатып элеваторларға тапсырудамыз. Мұнымен қатартанап басында күзгі сүрлеу жұмыстары басталып кетті. Ауа райы ыңғайын берсе, 20 күннің ішінде жоспарланған шаруаны тындыруды межелеп отырмыз.

“Сервис-Жарс” компаниясының иелігінде барлығы 10 мың гектар жер болса, серіктестіктегілер соның 8 мыңына себілген дақылдарды жинап алуы тиіс.

Жомарт Омаров – “Сервис-Жарс” ЖШС бас директоры:

– Биыл майлы дақылдардың үлесін арттырдық. 2 мың гектарға рапс, мың гектарға зығыр, 2 мыңға бұршақ тұқымдас жасымық себілді.

Қызылжар ауданы бойынша 300-ден астам шаруа өсімдік шаруашылығымен айналысады екен. Бүгінде олардың барлығы орақ жұмыстарына кіріскен.

Талап Балтабаев – Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі секторының меңгерушісі:

– Қызылжар ауданы бойынша егістік алқабының жалпы аумағы 114,7 мың гектарды құрайды. Осы күнге дейін 28,8 мың гектарындағы дақылдар жиналды. Бұл алқаптардың 25 проценті. Сондай-ақ, ауданда 44 мың гектар жердегі майлы дақылдардың 23 проценті бастырылды. Танап басына 210 комбайн шығарылды. Осы күні дәнді және майлы дақылдарды дестелеп, бастыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Өңір аграрийлерінің дені әдеттегідей жиналған дәнді және майлы дақылдарды Еуропа елдеріне жөнелтпекші.

Берік Қасен