Спорт

“Құлагер” ХК-ы өз мұз айдынында “Номад” құрамасын қабылдады

Хоккейшілеріміз жарады! Құлагер құрамасы елордалық Номадты алғашқы матчта 5:3 есебімен тізе бүктірді. Осылайша, әзірге солтүстікқазақстандық имек таяқ шеберлері турнирлік кестеде 1-ші орында тұр.

Төрешілер ысқырығы шалынып, тартыс басталды. Петропавлдық құрама ойынның екінші минутында-ақ есеп ашты. Құлагерліктердің сапынан Дмитрий Исмагилов ерекшеленді.

Жіберілген шайбадан соң қарқынды шабуылға көшкен елордалық хоккейшілер құлагерліктерді қорғаныста ойнауға мәжбүрледі. Дегенмен, шабуылдар топтамасы бірінші кезеңде еш нәтиже бермеді. Осылайша, үзіліске құрамалар 1:0 есебімен тарады.

Альмира Жетпісбай – тілші:


– “Құлагердің” бүгінгі қарсыласы “НОМАД” командасы оңай шағылатын жаңғақ емес. Ол – өткен маусымның вице-чемпионы. Ойының алғашқы жиырма минуты артта. Жергілікті имек таяқ шеберлері мен елордалық хоккейшілердің жаңа маусымдағы алғашқы матчында кім жеңіске жетеді? Жанкүйер қауымының болжамын сұрап көрдік.

– Үйде, өз мұз айдынында ойнап жатырмыз. Жеңіске қол жеткізуге міндеттіміз. Менің ойымша, овертаймда хоккейшілер бақтарын сынауы да әбден мүмкін.

– Ойыннан жеңіс күтемін! “Құлагер” – мықты команда. Хоккейшілеріміз екінші кезеңде тағы бірнеше шайбаны қақпаға соғады деп сенемін.

Екінші кезең де жергілікті хоккейшілер үшін сәтті болды. Периодтың 11-минутында “Құлагер” капитаны Ильгиз Нуриев қарсылас құраманың қақпасына шайба салып, есепті еселей түсті.

Бұдаң соң да жергілікті ойыншылар қарсыластарын әбден әбірге салды. Периодтың бел ортасында Дмитрий Исмагилов көк сызықтың бойынан шайбаны қақпаға дарытып, дубль жасады. Осылайша, 3:0 есебімен командалар екінші үзіліске тарасты.

Жеңістің қолдан кетіп бара жатқанын түсінген астаналық құрама үшінші периодта шабуылдарына қарқын қосты. Бұл өз жемісін берді. Шешуші кезеңде қонақтар біздің қақпаға 3 бірдей шайба енгізді. Алайда, айдын қожайындары да есе бермей, бәсекелесті. Нәтиже көп күттірмеді. Кездесудің 50-ші және 52-ші минуттарында құлагерліктер тағы 2 рет қарсылас қақпасының осал тұсын таба білді. Сонымен, таблодағы қорытынды есеп – 5:3. Бұл – “Құлагердің” маусымдағы, әзірге, екінші жеңісі. Матчта хед-трик жасаған құлагерлік шабуылшы Дмитрий Исмагилов жанкүйер қауымның ілтипатына ие болды.

Дмитрий Исмагилов – “Құлагер” ХК шабуылшысы:


– Қарсылас команда осал емес. Бірақ, ойын біз үшін сәтті өтті. Бұл жеңіс – команданың еңбегі. Құраманың ойыншылары үшін кімнің қақпаға шайбаны соққаны маңызды емес, бастысы нәтиже. Бапкерлердің тапсырмасын бұлжытпай орындап, алғашқы кездесуді жеңіспен аяқтадық.

 

Бұл жеңіс “Құлагер”-дің қоржынына тағы 3 ұпай салды. Осылайша, қазір чемпионаттың турнирлік кестесінде петропавлдық имек таяқ шеберлері 7 ұпаймен 1-ші орында тұр. Ал елордалықтарға қарсы қарымта матч бүгін кешкі сағат 19:00-де Спорт сарайында өтпек.

 

Альмира Жетпісбай