МТРА жаңалықтары

Петропавлда кезекті бітімгерлік орталығы ашылды

Арадағы дауды сотқа жеткізбей шеш! Осы үшін Петропавлда кезекті бітімгерлік орталығы ашылды. Жаңа кабинет “Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестінің қабырғасында жұмыс істейтін болады. Онда білікті медиаторлар қызмет етіп, қос тараптың арасында түуындаған түсініспеушіліктерді тегін түрде бір жақты етпек.

Еуропа мемлекеттерінде медиация саласы жақсы дамыған. Осылайша, тұрғындар арасында туындап жататын дау-жанжалдардың 80 пайызы медиаторлардың көмегімен шешіледі. Яғни, іс сотқа жетпей бір жақты етіледі. Ал, Қазақстанда бұл көрсеткіш өте төмен болып тұр. Сол себепті, елімізде бітімгерлік орталықтар ашу мен кәсіби мамандардың санын арттыруға екпін беріліпті.

Әлия Рамазанова – СҚО бойынша “Медиацияны дамыту орталығы” республикалық қоғамдық бірлестігінің директоры:

– Бүгінде Қазақстандағы дау-дамайлардың тек 13-15 пайызын ғана бітімгерлер шешеді. Ал, қалған іс сотта қаралады. Осылайша тұрғындар өздерінің уақыттарын, ақшаларын жоғалтады. Қазір бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Болашақта медиаторлардың көмегімен нүктесі қойылатын керістердің көрсеткішін 30 процентке дейін жеткізуді көздеп отырмыз.

Бұл ретте айта кеткен жөн, медиация саласын дамыту аққайыңдар өлкесінде де қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Мәселен, жыл басынан бері облыс орталығының өзінде 4 бітімгерлік кабинеті ашылыпты. Бүгін тағы біреуінің таспасы қиылмақ. Ол Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығында жұмыс істейтін болады.

Мұнда кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың басы тоғысады. Олар қылмыстық істерден басқа кез-келген дау-жанжалды қарастырмақ. Қызмет көрсету тегін жүргізіледі.

Сәкен Тілегенов – Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы:


–  Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облыстық соты мен “Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестінің арасында татуласу орталығын ашу жөнінде меморандумға қол қойылған болатын. Бүгін сол қызмет орнын салтанатты түрде ашып отырмыз. Бұл жерде негізінен еңбек дауларына қатысты туындаған мәселелер шешімін табады деп ойлаймын. Себебі қазір өңір соттарының қарауындағы азаматтық істердің 20-25 пайызын жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы келіспеушіліктер құрап отыр. Ендігі кезекте мұндай жанжалдарды осындағы бітімгерлердің көмегімен шешуге болады.

Айта кеткен жөн, жаңа орталық Петропавл қаласы, Казақстан Конституциясы көшесі, 28-ші үйде орналасқан. Ол жердегі мамандарға 46-48-49 нөмірі арқылы хабарласуға да болады.

Байболат  Култанов