Денсаулық сақтау

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да жоғарғы медициналық мектеп жұмысын бастады

Жаңа оқу жылынан М.Қозыбаев атындағы СҚМУ дәрігерлерді даярлай бастады. Қазір жоғарғы медициналық мектепте 110-нан астам студент білім алып жатыр. Олардың жартысынан көбі грантта оқиды. Мұнда медициналық кадрлар төрт бағыт бойынша даярланбақ. Осылайша СҚО-дағы ақ халаттылардың тапшылығын азайту көзделіп отыр.

 

Айжан Ондырханова елордалық мектептердің бірін алтын белгімен тәмамдаған. Кішкентайынан ақ халатты абзал жан атануды армандаған ол Астана қаласының әкімдігі бөлген гранттардың бірін жеңіп алыпты. Енді ол М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дағы жоғарғы медициналық мектебінің студенті.

Айжан Ондырханова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жоғарғы медициналық мектебінің студенті:

– Дәрігер өте салмақты мамандық. Себебі, біз адамдардың денсаулығын емдейміз. Мен балаларды жақсы көрем, сондықтан педиатрия бағытын таңдадым. 5 жыл оқып, интернатураға түссем деймін.

Жергілікті университетте ашылған жаңа медициналық факультетте білім аламын дегендерге Астана билігінен бөлек СҚО әкімдігі де гранттар бөлген. Тағы білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бар. Барлығын қосқанда бүгінде жоғарғы медициналық мектепте 68 студент тегін білім мен шәкіртақы алады. Бұл факультет өңірдегі дәрігерлер тапшылығын азайтуға септесуі тиіс. Мұндағы білім сапасы жоғары болады дейді университет басшылығы. Себебі, қазірдің өзінде еліміздің іргелі деген медициналық ЖОО-ларымен тығыз әріптестік орнатылған.

Әсет Изденов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жоғарғы медициналық мектебінің директоры:

– Біз Қарағанды, Алматы және Астана қалаларындағы медициналық университеттердің озық тәжірибесін өзімізге ендірдік. Студенттер осы ЖОО-лардағы бағдарламалар бойынша білім алатын болады. Бәрі мемлекеттік стандарттарға сай. Сондай-ақ өндірістік тәжірибелерді білім алушылар облысымыздың медициналық мекемелерінде өтетін болады, академиялық ұтқырлық бойынша оларды Ресейге және Қазақстанның өзге де қалаларына тәжірибе алмасуға жіберетін боламыз.

Студенттер 5 жыл бойы білім алып, “жалпы медицина бакалавры” атанбақ. Кейін олар педиатрия, терапия, хирургия және жалпы медицина бағыттары бойынша өз білімдерін интернатура мен резидентурада жалғастыру мүмкіндігіне ие болады.

Саят Ермек – тілші:

 

– Алғашқы семестр бойы жоғарғы медициналық мектеп студенттері жалпы білім беретін дисциплиналарды оқитын болады. Кейін оларға өңіріміздің тәжірибелі деген дәрігерлері білім бермек. Айтпақшы, олар да педагогикалық курстардан өтуде. Қазір мұнда 113 студент бар, ал қыркүйектің ортасында Петропавлға жоғары медициналық білім алу үшін Үндістаннан тағы 150 жеткіншек келмек.

 

Саят Ермек