Құқық қорғау органдары

СҚО тұрғыны қаржылық пирамида қақпанына түсті

Ақша аудар да, кейін өзгелерді тарт! Осылайша, мол табысқа кенелесің! Мұндай қитұрқы әдіс арқылы жұмыс істейтін қаржылық пирамидаларға алдану жайттары азаяр емес. Мәселен, жуырда өңір тұрғыны ресейлік ЭЛ ЭС ПРОДЖЕКТ атты жалған фирманың қақпанына түсіп, қаржысынан қағылды.

 

Саят Ермек – тілші:


– Интернет кеңістігінен жұмыс іздеген теріскейлік азаматша ҚР аумағында тіркелмеген жалған инвестициялық фирмаға кезігеді. Қарапайым халықта оларды қаржылық пирамидалар дейді. Аталмыш фирма өкілдерімен скайп арқылы сөйлескен нәзікжандыға олар шотқа 1,5 мың Ресей рублін аудар, кейін өз артыңнан тағы бірнеше адамды шақыр, сонда құйған қаржың бірнеше еселеніп қайтады деп сендірген.

Бұл фирма “LS ProJECT” деп аталады. Егер жерлесіміз өзге салымшыларды тартса, олар аударған әр 1,5 мың рубльдің 20 пайызы схема бойынша оның қалтасына түсуі тиіс болған. Оңай ақша табамын деп мәз болған нәзікжанды қажетті соманы ашкөздерге аударып, бірден, өзге салымшыларды іздей бастайды. Бірақ, уәделі табысқа кенелмеген соң, алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген.

Қайрат Қасенов – СҚО ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасары:

Қылмыстық іс қозғалды. Бұл фирманың қазақстан аумағында тікелмегені анықталды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр.

Қазір полицейлер “LS ProJECT” құрған қаржылық пирамиданың қақпанына түскен өзге де теріскейліктерді іздестіріп жатыр. Тәртіп сақшылары алданған жандарды бірден 102 немесе 39-42-18 нөмірі бойынша хабарласуға шақырады. Бұл тергеу мен іздестіру амалдарын жеңілдете түспек.

Саят Ермек – тілші:


– Айту керек, қаржылық пирамидаларға жаңа салымшыларды тартып, жұмысын жарнамалаған азаматтарға да жаза қарастырылған. Осылайша, алаяқтардың арбауына өздері ғана түспей, өзгені де жетектегендерге әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінің 150-ші бабына сәйкес 150 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал бұл, 360 мың теңге шамасында.

 

Саят Ермек