Құқық қорғау органдары

Қала полицейлері саяжай қауымдастықтарын аралады

Саяжайлар – тәртіп сақшыларының бақылауында! Қазір бағбандар жаз бойы күтіп-баптаған өнімдерін жинап жатыр. Осы мезгілде бөтеннің дүниесін тонап, пайдаға кенелуді көздейтіндер табылатыны белгілі. Сол себепті, полицейлер шаһар сыртындағы бау-бақшаларды аралап, ұрыларды құрықтауда.

Тамыз-кыркүйек айлары – жеміс пен көкеністердің пісіп-жетіліп, саяжайшылардың ала-жаздай төккен терінің нәтижесін көретін уақыты. Алайда бұл кезде бау-бақшаға түсіп, өзгенің мүлкіне қол сұғушылар саны да жиілейтіні белгілі. Сол себептен, бағбандар ұрлық-қарлықтың алдын-алу мақсатында тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінеді.

Андрей Чинцов – «Борки» саяжай қауымдастығының төрағасы:

– Біздің бірлестіктің аумағы үлкен болғандықтан, құқық қорғаушылармен байланыста боламыз. Олар бағбандарды әңгімеге тартып, бос жатқан үйлерге тінту жүргізеді. Осы жұмыстардың арқасында бөтеннің мүлкін ұрлау фактілері азайды.

Кезекті рейдке 40 тәртіп сақшысы жұмылдырылып, олар жалпы саны 30 саяжай қауымдастығын аралап шыққан. Полицейлердің назарына заңбұзушылыққа бір табан жақын тұлғалар мен тұрғылықты мекен-жайы жоқ адамдар ілікті.

Шәмшиден Ақышов – Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ бастығының орынбасары:


– Шараны өткізудің мақсаты – ұрлықты болдырмау және алдын алу болып табылады. Оның ішінде әкімшілік құқықбұзушылықтың санын қысқарту. Сондай-ақ, үй-күйі жоқ тұлғаларды анықтап, есепке алдық.

Шара барысында полицейлер саяжай қауымдастықтарында 32 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтаған. Соның 17-сі жеке басын куәландыратын құжаттары мен тұрғылықты орны жоқ тұлғаларға қатысты екен. Тағы 5-уі абаттандыру ережелері мен үй жануарларын күтіп-ұстауға салғырт қарағаны үшін жауапкершілікке тартылыпты.

Бахыт Садвокасов