Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс аумағындағы элеваторлар жаңа өнімді қабылдауға дайын

Солтүстік Қазақстан облысындағы астық сақтау орындары жергілікті шаруалардан жаңа өнімді қабылдауды бастап кетті. Осы күндері диқандар дәнді және майлы дақылдарды өңірдегі 50 элеваторға жеткізе алады. Бүгінде Мамлют ауданындағы жалғыз нан сақтау қоймасы жергілікті жердегі серіктестіктерге ғана емес, көршілес Жамбыл, Қызылжар және Есіл ауданының диқандарына да қызмет көрсетуде.

“Мамлют ұн үгу комбинатының” биылғы өнімді қабылдап жатқанына 2 күн болыпты. Мына бидай тиелген “Камаз” жүк көлігі осы аудандағы серіктестіктердің бірінен келген. Алдымен, кәсіпорынның зертханашылары астықтың сапасын тексеру үшін сынама алады. Ол үшін дәнді арнайы қондырғыға салған қызметкерлер, жаңа өнімнің сапасын әп сәтте анықтады.

Оксана Коваленко – “Мамлют ұн үгу комбинаты” ЖШС технологы:


– Қондырғының көмегімен бидайдың негізгі көрсеткіштерін алдын-ала анықтаймыз. Ал нақты сұрпын бір тәуліктен кейін қорытындылаймыз. Негізінен қондырғы бидайдағы протеин, ылғалдылық пен ақуыз мөлшерін сараптап береді.

Әзірге элеватордың өндірістік-технологиялық зертханасы толық қуатта жұмыс істеп жатқан жоқ. Бірақ көп ұзамай шаруа қыза түспек. Өйткені, аталмыш астық қабылдау орны – Мамлют ауданындағы жалғыз кәсіпорын. Оның үстіне, комбинатқа өз өнімдерін жергілікті жердегі агроқұрылымдардан бөлек, Жамбыл, Есіл және Қызылжар аудандарының шаруалары да жеткізеді екен.

Владимир Байданов – “Мамлют ұн үгу комбинаты” ЖШС учаске механигі:


– Жыл сайын элеваторға ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Айталық, қондырғылардың ақауы бар-жоғын тексеріп, қоймаларды қалыпқа келтіреміз. Осы жылы астық сақтау орнының аумағына жаңадан асфальт төседік. Оған қоса, дән тазарту қоймалары жөнделіп, жаңадан 1 көлік өлшеуіш сатып алынды. Қорыта айтқанда майлы және дәнді-дақылдарды қабылдауға толықтай даярмыз.

Ел астығының 3/1 бөлігін Солтүстік Қазақстан облысы қамтамасыз етіп келеді. Биыл астықты өлкенің диқандарына ала жаздай тер төгіп, күтіп-баптаған өнімін мерзімінде жинап алу оңайға соқпайын деп тұр. Қазір теріскейдің шаруалары күздің құбылмалы ауа-райына қарамастан еккен дақылдарын орып, жаңа өнімді астық қабылдау орындарына жөнелтуге асық. Бүгінгі таңда облыс аумағында лицензияланған 50 элеватор жұмыс істеп тұр. Олардың барлығы жаңа өнімді қабылдауға толықтай даяр.

Қуандық Шақубаев – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Өлкенің агроқұрылымдары орақ науқанына кірісіп кетті. Үстіміздегі жылы теріскейлік шаруалар майлы тұқымдастарды сіңіруге басымдық берді. Бүгінгі ақпарат бойынша 500 мың гектар алқаптағы егінге орақ түсті. Ал астықты жинау көрсеткіші 400 мың тоннаны құрап отыр. Облыстағы элеваторлардың жалпы сыйымдылығы 3 млн 500 мың тоннаны құрайды. Сондай-ақ, соңғы жылдары ірі агроқұрылымдар астық сақтау қоймаларын өздерінде тұрғызып жатыр.

Айта кетейік, үстіміздегі жылы солтүстікқазақстандық диқандар барлығы 4 млн. 200 мың гектар алқапқа дән сіңірген. Қазір аграрлы өңір шаруаларының алдында дәнді шашау шығармай жинап алу міндеті тұр.

Бахыт Садвокасов