Қоғам

Күзгі әскерге шақыру науқанына даярлық

Көктемгі әскерге шақыру кезінде өңірден Отан алдындағы борыштарын өтеуге 641 жігіт аттануы керек болатын. Алайда, еліміздің күш құрылымдарының қатарына теріскейден 629 адам ғана алыныпты. Осылайша, жоспар 98 пайызға орындалған. Ендігі кезекте күзгі науқанда 720 жерлесімізді азаматтық міндеттерін орындауға жіберу көзделіп отыр. Бұл жайлы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте өткен жиында сөз болды.

Көктемгі жасақты облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент 100 пайызға толтыра алмады. Бұған бірнеше себеп бар. Оның алғашқысы – 18-бен 27 жас аралығындағы теріскейлік азаматтардың денсаулықтарына қатысты болып отыр. Яғни, әскерге шақыру маусымы кезінде жерлестеріміздің басым көпшілігінің бойынан кінарат табылыпты.

Алмаз Тілеуханов – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:

– Көктемгі әскерге шақыру маусымы кезінде 2000-нан астам баланың денсаулығынан ақаулар табылды. Соған байланысты олар әскерге шақырылмады.

Тағы, жоспардың орындалмауына жігіттердің әскерден жалтарулары да себепші болып тұр. Қазіргі таңда теріскейлік 538 балаға іздеу салыныпты. Олардың мекен-жайын анықтаумен жергілікті тәртіп сақшылары да айналысып жатыр.

Айдын Байматов – СҚО ІІД ЖПҚ бастығының орынбасары:


–  Бізде қазір іздеу салынған жастардың тізімі бар. Сол бойынша жұмыс жасап, әскерге шақырушылардың мекен-жайларын анықтап жатырмыз. Оларды тауып алсақ, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдеріне тапсырамыз. Мәселен, көктемгі маусымда Отан алдындағы міндетін өтеуден қашқан 20-дан астам бозбаланы таптық.

Енді, күзгі әскерге шақыру маусымына келсек. Бұл жолы теріскейден еліміздің күш құрылымдарына 720 бала алынуы керек. Алайда бұл жоспар да толығымен орындалмай қалуы әбден мүмкін. Себебі қазір Петропавл қаласы мен аудандарда кезекті маусымға даярлық шаралары баяу жүргізіліп жатқан көрінеді.

Алмаз Тілеуханов – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:


–  Күзгі маусымға даярлық шаралары немқұрайлы жүргізіліп жатыр. Біз жұмысқа науқан басталғаннан соң ғана кірісеміз. Яғни, азаматтарды осы кезеңде ғана іздей бастаймыз. Олардың мекен-жайлары анықталады. Хабарлама жіберіледі. Осылайша біршама уақыт өтіп кетеді. Ал, бұл істі уақытында әрі сапалы жүргізсек, жасақты толтыру мәселесі жеңілдер еді.

Бұдан бөлек, жиын барысында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментің бастығы Алмаз Тілеуханов саладағы мәселелерді де айтып өтті. Оның сөзінше, қазіргі күні 9 аудандағы шақыру комиссияларының медциналық құрамына 18 дәрігер қажет. Ал Петропавл қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың жеке ғимараты жоқ.

Байболат Култанов