Қоғам

Кезекті әдеп жөніндегі кеңес өтті

Салық құпиясын жария етті деп айыпталған мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарына қатысты тәртіптік іс тоқтатылды. Бұл шешімді әдеп жөніндегі кеңес мүшелері шығарды. Бүгінгі отырыста барлығы 12 сауал қаралды.

 

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері соңғы бірнеше отырыста Ғ.Мүсірепов ауданындағы мемлекеттік қызметшілерге қатысты істерді қараған болатын. Бұл жолғысы да оларсыз өтпеді. Бүгіндері мүсіреповтік мамандар өзге жерлерде қызмет атқарып жатса да, олардың жасап кеткен былығы әлі де шығып жатыр. Осыған дейін сан түрлі сылтау айтып келмей жүрген Ғ.Мүсірепов аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Шалабаев осы жолғы жиынға да науқастанып, келе алмаған.

Елена Степаненко – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл жөніндегі агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:


–  Сондықтан бұл іс бүгінгі отырыста қарастырылмай, кейінге шегеріледі. Ал Ғ.мүсірепов аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Талғат Әміржанов пен білім бөлімінің басшысы Серік Алтаевқа қатысты іс мүлдем тоқтатылып отыр. Өйткені, олар басқа қызметке ауысып кеткен.

Кейін жиында облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарына қатысты іс қаралды.

Ғани Жалби – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл жөніндегі агенттігінің СҚО бойынша департаменті басқармасы басшысының міндетін атқарушы:


–  Өткен жылдың маусым айында 5 серіктестіктің өкілі – адвокат Жанболат Елеукиннен мемлекеттік кірістер департаментіне өтінім келіп түседі. Онда адвокат жеке тұлғалар Дацко мен Мазур компанияларының атынан 2016-17 жылдарға арналған мемлекеттік баж салығының төленуіне қатысты ақпаратты сұратқан. Бұл өтініш бойынша департаменттің бас маманы Айсұлу Садирова Дацконың 2 жыл ішінде мемлекетке төлеген баж салығын қағазға түсіріп, кейін оған басқарма басшысы мен облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары қол қойыпты.

Бірақ, кейін, өтініш берген жақ мемлекеттік қызметшілер салық заңнамасындағы ережені ескермей, жеке тұлғаның төлеген салық сомасын қағаз бетіне жайып салды деп айыптаған. Яғни, құпия болып қалуы тиіс ақпаратты жария етілген. Іс сотқа дейін жетіпті. Бірақ мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының пайдасына шешілген. Бұл істі бүгінгі отырыста қараған кеңес мүшелері де мемлекеттік қызметкерлер кінәлі емес деп дауыс берді.
Бұдан соң жиында М.Жұмабаев ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бағытында атқарылып жатқан шаралар сөз болды.

Магжан Ахмадина